Бұл туралы Caravan.kz медиа порталы kazinform.kz-ке сілтеме жасап хабарлайды.
Жолдаудан бір тиек
Әрине, Жыл сайынғы Жолдау бір тақырыппен шектелмейді, аясы кең. Сондықтан басты саналған салаларға тоқталамыз. Былтырғы Жолдау негізінен экономикалық дамуға бағытталғанын білеміз. Соның ішінде маңыздысы – жалпы ішкі өнім. Ең алдымен Қазақстан Президенті осыған тоқталғаны есте.
– 2022 жылы Қазақстанның ішкі жалпы өнімі 104 триллион теңге болды. Елімізге 28 миллиард доллар тікелей шетел инвестициясы тартылды. Бұл – рекордтық көрсеткіш. Сыртқы сауда-саттық бұрын болмаған деңгейге, яғни, 136 миллиард долларға жетті. Оның 84 миллиарды – экспорт. Сыртқы қорымыз 100 миллиард долларға жуықтады.
Дүниежүзінде халықтардың әлеуметтік-экономикалық жағдайын жалпы ішкі өнім арқылы бағамдау тәжірибесі қалыптасқан. Ал біздегі жағдай қандай екенін білу үшін тақырыпты талдауға көшейік.
Үкімет ұлттық ішкі өнімге зер салды ма?
ҚР Ұлттық статистика бюросының деректеріне зер салсақ, кейінгі 3 жылда еліміздің жалпы ішкі өнімі тұрақты түрде жақсы өсім көрсеткенін байқаймыз. Мәселен, 2021 жылы – 83,9 трлн теңге, 2022 жылы – 103,7 трлн теңге, 2023 жылы 120,5 трлн теңгені құраған.
Экономикалық саясат институтының директоры Қайырбек Арыстанбековтің айтуынша, жалпы ішкі өнімде айтарлықтай өсім бар, десек те келесідей көрсеткіштерді естен шығармаған жөн.
– Жалпы ішкі өнім кез келген елдің экономикалық әл-ауқатын көрсететін индикатор саналады. Алайда бұған қосылатын тағы бір көрсеткіш бар, ол – ұлттық ішкі өнім немесе жалпы ұлттық өнім. Мысалы, біздің бағалауымызша, жалпы ішкі өнім 100 пайыз болса, соның ішінде ұлттық ішкі өнім 50-60 пайыз шегінде. Айырмашылығы неде десеңіз, жалпы ішкі өнімде еліміздегі барлық компаниялар, шетелдіктердің де қатысуымен болған өнімді айтады. Ал ұлттық ішкі өнімде тек ұлттық компаниялар өндіретін көлем белгіленеді. Халықтың әл-ауқатына тікелей осы ұлттық ішкі өнім әсер етеді. Сондықтан Үкіметке жалпы ішкі өніммен шектеліп қалмай, ұлттық ішкі өнімді де ұлғайтатын стратегия керек секілді, – дейді экономист.
Сарапшының айтуынша, жалпы ішкі өнімді есептеу түрлері көп: тұтыну, өндіріс және қаржы операциялары бойынша. Қазір дәстүрлі тәсіл ретінде өндіріс бойынша есептеледі. Бұл тұста еліміздің жалпы ішкі өнімінің құрылымына тоқталсақ болады. Барлығын бүтіндеп 100 пайыз деп қарастырар болсақ, үлесі бойынша шаққанда қызметтер өндірісі бірінші орында – 56,4 пайыз. Бұдан кейін өнеркәсіп (26,5 пайыз), таза салықтар (7,3 пайыз), құрылыс (5,5 пайыз) пен ауыл, орман және балық шаруашылығы (4,3 пайыз) тұр.
Салалар бойынша ескеретін жайттар бар
Қайырбек Арыстанбековтің айтуынша, жалпы ішкі өнімді есептеу барысында ең басты индикатор – сыртқы сауда балансы. Мұнда дефицит емес, керісінше профицит болса, жалпы ішкі өнімге есептелінеді. Егер тапшылық байқалса, алынып тасталады. Яғни, экономиканың басты мақсаты – сыртқы саудада профицит ұстап тұру.
– Қазақстан сыртқы саудада мұнай және газ саласы бойынша профицит қалыптастыра алды. Дегенмен қызмет көрсету саласында дефицит бар, шамамен жыл сайын 3-5 млрд доллар ұтылып келдік. Бұл сома жалпы ішкі өнімнен шегеріледі. Тағы бір бағыт – кірістер балансы. Бұл тұста да ұтылған жағдайлар бар, кейінгі уақыттарда жыл сайын 24-25 млрд доллар табыс шет елдерге кетіп жатыр, – дейді сарапшы.
Былтыр еліміздің сыртқы сауда-саттығы 139,8 млрд долларға жетіп, 2022 жылғы рекордтан (136 млрд доллар) асып түскен екен. Ал экспорт 78,6 млрд долларды құраған (2022 жылы – 84 млрд доллар). Яғни, екі жыл қатарынан бір теңгерімді ұстап тұра алғанын көрсетеді. Жалпы, көпшілікке жалпы ішкі өнімнің мөлшері жан басына шаққандағы есептеу бойынша таныс. Ұлттық статистика бюросының мәліметінше, 2023 жылы бұл көрсеткіш 13,2 мың доллар шегінде тұрған. Экономикалық саясат институты директорының сөзінше, жалпы ішкі өнімді жан басына шағудың бір емес, әртүрлі жағдайларды анықтайтын екі көрсеткіші бар.
– Негізі жалпы ішкі өнімнің жан басына шаққандағы көрсеткіші тым маңызды болып саналады. Оның өзі екі түрге бөлінеді. Біріншісі, валюталық бағам бойынша. Екіншісі, ұлттық валютаның сатып алу қабілеті бойынша есептеу. Мысалы, ең қажетті саналатын нан, сүт пен тұздың бағасы АҚШ-та, Өзбекстанда және Қазақстанда басқаша болады. Ұқсас тауарлардың әр елдегі бағасына сай ұлттық валютаның сатып алу қабілеті ескеріледі. Кейінгі деректерде Қазақстанның жалпы ішкі өнімі жан басына шаққанда валюталық бағам бойынша 12-13 мың доллардан келеді. Ал ұлттық валютаның сатып алу қабілеті бойынша 28-29 мың доллар болады, – деді Қайырбек Арыстанбеков.
Айтпақшы, халықтың әл-ауқатын анықтауда елдің әр азаматының қаржылық жағдайы өзінше рөл ойнайды. Бастысы, экономиканы басқарушы ведомстволардың ұстанатын саясаты оңтайлы болуға тиіс.
– Жалпы ішкі өнімді жан басына шаққанда Орталық Азия елдерінің арасында алда екеніміз рас. Алайда «халықтың әл-ауқаты осы көрсеткішке лайық па?» деген сауал бар. Себебі елдің көпшілігінде несие мен қарыздар жетерлік. Сондықтан мәселе Үкімет пен Ұлттық банктің жүргізетін экономикалық саясатына тікелей байланысты. Мәселен, инфляцияны ауыздықтау бойынша бізде көптеген кемшілік пен сүріну болды. Баға көтерілген сайын халықтың тұрмыс деңгейі соған сай әлсіреп отыратынын Үкімет алдағы уақытта ескеріп, жоспар құра әрекет еткені жөн, – деп түйіндеді сарапшы.
Қорыта айтқанда, жалпы ішкі өнімді еселеуге бағытталған Президент тапсырмасы жақсы орындалып жатқаны көрінеді. Алдағы Жолдауда бұл тақырып тағы да сөз болуы мүмкін. Тек Үкімет өз жұмысын экономикалық климатқа қолайлы етіп атқара алса жеткілікті.