“Қазақстан Ресейге 50 мың тонна бензин жеткізуге келісті”: Ресейлік БАҚ еліміз туралы не жазуда?

Caravan.kz медиа порталының тілшісі көрші елдің БАҚ беттеріне шолу жасап көрді.

Қазақстан 2028 жылы Ислам даму банкі тобының жыл сайынғы кездесуін қабылдауы мүмкін - Царьград

Қазақстан 2028 жылы Ислам даму банкі тобының жыл сайынғы кездесуін өткізуі мүмкін. Бұл ұсынысты Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Ислам даму банкінің президенті Мұхаммад Сүлейман Әл-Жассермен кездесу барысында қолдады.

Кездесуде Мемлекет басшысы Ислам даму банкі тобы Қазақстанға жалпы көлемі 4,2 миллиард АҚШ долларынан асатын қаржыландыру бөлгенін атап өтті. Қазіргі және алдағы жобалар портфелінің жалпы құны 3 миллиард доллардан асады.

Соңғы жылдары Ислам даму банкі өз тарихындағы ең ірі қаржыландыру пакетін мақұлдады. Оның аясында 1,15 миллиард доллар көлеміндегі су ресурстарын дамыту бағдарламасы және Қазақстандағы арнайы экономикалық және индустриялық аймақтардың инфрақұрылымын дамытуға бағытталған 1,3 миллиард долларлық негіздемелік келісім іске асырылуда.

Қазақстан Ресейдің авиаотын жеткізілімін алмастыратын жаңа нарықтарды іздеуде - Dw.com

Қазақстан Ресейден келетін авиациялық отын көлемінің қысқаруына байланысты басқа елдерден импорттау мүмкіндігін қарастырып жатыр. Бұл туралы Энергетика министрі Ерлан Ақкенженов мәлімдеді.

Министрдің айтуынша, Астана қазіргі уақытта Әзербайжан, Түрікменстан және Қытай елдерінен авиациялық отын импорттау мәселесін пысықтап жатыр. Сонымен қатар алыс шетел мемлекеттерімен де келіссөздер жүргізілуде.

Ерлан Ақкенженовтің сөзінше, Ресейден 300 мың тонна авиаотын жеткізу жоспарланған. Алайда іс жүзінде Қазақстан небәрі 186 мың тонна ғана сатып алған.

Сонымен қатар министр Қазақстандағы авиаотын өндірісі отандық әуе компанияларының, арнайы қызметтердің және Қорғаныс министрлігінің қажеттілігін толық қамтамасыз ететінін айтты. Ресейден және басқа елдерден импортталатын авиаотын негізінен шетелдік әуе компанияларының ұшақтарына құйылады.

Бұған дейін Сауда және интеграция вице-министрі Жанель Күшікова үшінші елдерден, ең алдымен Қытайдан әкелінетін бензинге, дизель отынына және авиациялық отынға салынатын импорттық баж салығын нөлге дейін төмендету жоспарланып отырғанын хабарлаған болатын.

Үкімет бұл шешімді Ресейдегі жанармай тапшылығымен байланыстырды. Себебі осы уақытқа дейін Ресей Қазақстанға жанармай жеткізетін негізгі елдердің бірі болып келді.

Қазақстан Ресейге 50 мың тонна бензин жеткізуге келісті - Reuters

Қазақстан шілде және тамыз айларында Ресейге гуманитарлық көмек ретінде 50 мың тонна бензин жеткізуге келіскені туралы Reuters агенттігі жазды.

Агенттік мәліметінше, Ресейге АИ-92 және АИ-95 маркалы бензин Павлодар мұнай-химия зауыты мен Конденсат мұнай өңдеу зауыты арқылы жеткізілуі жоспарланған.

Жаз мезгілінде Ресейде бензинге сұраныс жоғары болып, тәуліктік тұтыну көлемі кемінде 110 мың тоннаны құрайды. Осыған байланысты Қазақстаннан жеткізілетін 50 мың тонна жанармай Ресейдің бір тәуліктік қажеттілігінің жартысына да жетпейді.

Ал Қазақстанның Энергетика министрлігі Reuters агенттігіне Ресейдің мемлекеттік органдарынан гуманитарлық көмек ретінде жанармай беру туралы ресми өтініш түспегенін мәлімдеді.

Сонымен бірге министрлік Конденсат мұнай өңдеу зауыты арқылы Ресейге бензин жеткізу мүмкіндігін жоққа шығармады. Бұл зауыт Татнефть компаниясының мұнайын өңдейді.

Министрліктің мәліметінше, мұндай жеткізілімдер Қазақстанның ішкі нарығының мұнай өнімдерімен қамтамасыз етілу деңгейіне байланысты жүзеге асырылатын болады.