Сенаттың бұл шақырылымы Қазақстанның жаңа тарихындағы соңғысы болды. 1 шілдеден бастап Мәжіліспен бірге оның орнын бірпалаталы Парламент – Құрылтай басады, деп хабарлайды Tengrinews.kz.
Отырыста не қаралды?
Қорытынды отырыста депутаттар жеті мәселені қарады.
Күн тәртібінің басым бөлігі халықаралық келісімдерге қатысты болды. Сенаторлар Қазақстан мен Қырғызстанның Астана мен Бішкектегі елшіліктердің жұмысы үшін ғимараттар мен жер учаскелерін беруі туралы құжаттарды, сондай-ақ Өзбекстанмен арадағы ортақ шекарадағы өткізу пункттерінің жұмысы туралы келісімге енгізілген өзгерістерді мақұлдады.
Сонымен қатар Халықаралық қайта құру және даму банкімен және Азия инфрақұрылымдық инвестициялар банкімен жасалған екі қарыз туралы келісім қаралды. Қаражат бюджет тапшылығын жабуға бағытталады деп жоспарланған.
Сондай-ақ депутаттар топырақты қорғау туралы заңды және соған байланысты жер қатынастары мен агроөнеркәсіптік кешен бойынша түзетулерді қабылдады.
Тағы бір мәселе нотариаттық қызмет пен заң көмегі туралы заңнамаға енгізілетін өзгерістерге қатысты болды.
Өткен аптада Қазақстан Мәжілісінің тарихтағы соңғы отырысы өтті.
Сейсенбі, 30 маусымда жаңа тарихтағы Парламент палаталарының соңғы бірлескен отырысы өтеді.
Сенат жұмысын қашан тоқтатады?
Қазақстанның жаңа Конституциясы 2026 жылғы 1 шілдеден бастап күшіне енеді. Сол күннен бастап ескі Конституция қолданысын тоқтатады, ал оның қабылданған күні (15 наурыз) мемлекеттік мереке - Конституция күні болып белгіленеді.
Ескі Конституция бойынша жұмыс істейтін Парламент (Мәжіліс пен Сенат) дәл сол күні қызметін тоқтатады. Президент бір ай ішінде жаңа бірпалаталы Парламент - Құрылтайға сайлау жариялауы тиіс, ал сайлауды екі ай ішінде өткізу қажет.