Қазақстан шетелдіктерден пайда табуы тиіс, ал өз азаматтарына ауыртпалық салмауы керек - сарапшы

Caravan.kz тілшісі сарапшылардың пікіріне сүйеніп, мәселені анықтап білді. 

Туризм саласы соңғы жылдары айтарлықтай серпін көрсетті. Мысалы, 2020 жылы елімізге 2 миллионға жуық шетелдік турист келген, 2024 жылы бұл көрсеткіш 15 миллионға жетті.

Мәжіліс депутаты Екатерина Смолякова туризм саласын нықтап қолға алған. Ол өзінің әлеуметтік желідегі парақшаларында белсенді түрде пікір білдіреді.

«Президент халыққа Жолдауында туризмді экономиканың жаңа драйвері ету міндетін қойды. Төрт жылдың ішінде туристер ағыны жеті есе артып отыр», – деді Мәжіліс депутаты Екатерина Смолякова.

Туристердің елімізге ағылуы жақсы көрсеткіш. Десе де, таяқтың екі ұшы бар дегендей, ол басқа қордаланған мәселелердің бетін ашып берді. Демалушылардан келіп түсетін шағымдар көп. Олардың айтуларынша, инфрақұрылым әдбен ескірген, экологиялық проблемалар мен жайлылық жоқ, соған қарамастан, бағалар шетелден де қымбат. 

Инфрақұрылым: жол, жарық, интернет

Мамандардың айтуынша, біздегі басты мәселе – инженерлік инфрақұрылым.

«Бізге дені дұрыс жолдар жоқ, жарықтандыру және интернет жетіспейді. Мысалы, Алакөлде электр энергиясы тәулігіне 5 сағатқа ғана беріледі. Ал тұрақты байланыс тек төлем жасау үшін емес, туристердің қауіпсіздігі үшін де қажет», – деді депутат Смолякова.

Заңгер Рауан Қалиев депутаттың пікірімен келіседі. 

«Жетісу облысында кейбір нысандарға жету үшін 8–9 сағат жүруге тура келеді, өйткені жол нашар, кейде тіпті жоқ», - дейді маман. 

Сарапшылар мемлекеттік жобаларға тоқталып өтті. Олардың айтуынша, іске асырылып жатқан жобалардың құны өте жоғары әрі жүзеге асу қарқыны баяу.

Экология және мәдени мұра

Туристер ағыны артқан сайын табиғи аймақтардың ластануы жиілеп отыр.

«Адамдарда мәдениет жетіспейді. Әр келген көлік артынан бір қап қоқыс тастап кетеді. Әрбір ағаштың түбінде қоқыс жатыр. Бұл өте өкінішті жағдай», – деді депутат.

Ең сорақысы, қасиетті нысандарға да қауіп төніп тұр. Шығыс Қазақстандағы Тау-Әулие мекенінде зияратшыларға арналған тақтайшалар бүлінген. 

«Мұндай әрекеттерге жол бермеу үшін цифрлық технологияларды қолдану қажет. Мысалы, бейнебақылау камераларын орнатайық, спутниктік байланыс тартайық. Жіті бақылауға алсақ қана, мәдени мұраны сақтап қаламыз», – деп қосты Смолякова.

Кадрлар мен сервис

Туризм сапасына әсер ететін тағы бір маңызды фактор – кадр тапшылығы.

«Гидтер кәсіби дайындықтан өтіп, сертификатталуы тиіс. Турист Қазақстанға келгенде тарихи, мәдени мәлімет алуы керек. Ал бізде кейде саяси мәселелерді қозғап, ел ішіндегі проблемаларды айтады. Бұл дұрыс емес», – деді Рауан Қалиев.

Оның айтуынша, Қазақстанда гидтер үшін арнайы салық коды жоқ, бұл олардың қызметін ресімдеуде қиындық туғызуда.

Туризм – 14 түрлі саланың тоғысында тұрған күрделі жүйе. Сондықтан нақты жауапкершілік жойылып кетеді.

«Көбіне мемлекеттік органдар бір-бірінің жобасын қайталайды, бюджет қаражаты бір нысанды екі рет жарнамалауға жұмсалып жатады. Бұл ведомствоаралық үйлестірудің жоқтығынан», – дейді депутат.

Өңірлер мен бизнестің рөлі

Мемлекет басшысы өз Жолдауында жауапкершілікті бөліп беруді ұсынған. Мысалы, әкімдіктер – инфрақұрылымды дамыту, инвестиция тарту және жұмыс орындарын құруға жауапты болуы тиіс.  Ал Туризм министрлігі – заңнамалық база мен орталықтандырылған саясатты қолға алады. Kazakh Tourism – халықаралық маркетинг пен имидж сұрақтарын пысықтайды. 

«Егер өңірге 20 мың туристтен артық келетін болса, әкім жұмысын дұрыс атқарды деген сөз. Егер келмесе олар жауапкершілікке тартылады», – деді сарапшылар.

Бұл ретте кәсіпкерлер осындай мәселелер шешілмей жатқанда ақшаны оңды-соңды шашудан пайда жоқ екенін айтып отыр. Қанат Әміркін өзінің Facebook парақшасында осы мәселеге жіті тоқталды. 

«Қазақстанға жыл сайын орта есеппен 6,5 миллион турист келеді. Бұл аз көрсеткіш емес. Дегенмен, елдің табиғи байлығы мен географиялық артықшылығына қарамастан, біз туристік ағынды еселеп арттыра алмай отырмыз. Жүйелі мәселелер шаршатты: әуежайлардың жеткіліксіздігі, смарт-гейттердің жоқтығы, халықаралық стандартқа сай қонақүйлердің тапшылығы және қарапайым туристік инфрақұрылымның әлсіздігі.

Қазақстанның әсем табиғаты барлығын таңғалдыра алады. Бірақ, сонымен бірге, туризмнің дамуын тежейтін адамдар бар. Олар «табиғатты бүлдіреді», «мұнда ештеңе салуға болмайды» деген уәждермен жаңа бастамаларды тоқтатады. Мұндай «иттің арпаға да, басқаға да қимасы» көзқарас отыз жылдық тоқырау кезеңінің көрінісі іспетті. Бірақ бұл алға жылжымауға себеп болмауы тиіс.

Кейбіреулер үшін 6,5 миллион турист жеткілікті көрінуі мүмкін. Бірақ мәселе тек санда емес. Туризм — бизнеске жол ашатын құрал. Егер келушілердің 0,1%-ы кәсіпкер болса, олардың аз ғана бөлігі Қазақстанда компания тіркеуге қызығушылық танытса, бұл жылына 6500 жаңа заңды тұлға әкеледі. Ал АХҚО-да сегіз жыл ішінде небәрі 4000 компания тіркелгенін ескерсек, туризмнің экономикалық қайтарымы әлдеқайда жоғары екені байқалады.

Қазақстанның Еуразия жүрегінде орналасуы — орасан зор бәсекелік артықшылық. Біз осы мүмкіндікті толық пайдалануымыз қажет. Әйтпесе, өз азаматтарымызға салықты көтеруге тура келеді. Мемлекетке табыс түсірудің негізгі көзі — шетелдіктер, экспаттар.

Әрине, жолда өзін «патриот» санайтын, бірақ жүзінен жемқорлық көрініп тұратындар да кездеседі. Олар өзгеріске кедергі келтіреді. Бірақ, сонымен қатар, адал, ел дамуына жанашыр азаматтар да бар. Дәл осындай адамдардың арқасында Қазақстан алдағы уақытта салықпен қысым жасамай, керісінше инвестиция мен экспаттарды тарту арқылы табыс таба алады.

Мен БАӘ-де, Еуропада немесе АҚШ-та қалып қояр едім. Бірақ таңдау Қазақстанға түсті. Өйткені елге қызмет ету — басты мұрат. Қолымнан келгенше көмектесемін, жобаларды алға жылжытамын. Бұл азаматтық парызым.

Қазіргі таңда кейбір жобалар мемлекеттік деңгейде қарастырылып жатыр. Олар іске қосылғанда, барлығына бірдей ұнай қоймайтыны анық. Бірақ басқа жол жоқ. Қазақстан шетелдіктерден пайда табуы тиіс, ал өз азаматтарына ауыртпалық салмауы керек.

Туризм тек әдемі табиғат емес, ол бизнес тартудың арнасы. Егер бұл мүмкіндікті дер кезінде пайдалансақ, Қазақстан экономикасы ішкі салық қысымынан емес, сыртқы инвестициялардан пайда табады".

Толық пайдаланылмаған әлеует

Қазіргі таңда туризмнің ЖІӨ-дегі үлесі небары 5% шамасында. Салыстырсақ, Түркияда – 12%, Қытайда – 30%-ға жуық.

«Бұл бағытты біз уақытында елемедік. Енді туризмді экономикаға табыс әкелетін салаға айналдыру үшін нақты заңнамалық шаралар қажет», – деп қосты заңгер Рауан Қалиев.

Ұсынылып отырған шаралар:

- туристік бизнеске салықтық жеңілдіктер;

- төмен пайызды несие;

- гидтер мен креативті индустрияға қолдау;

- цифрландыру: үлкен деректерді талдау, чат-боттар, автоматтандырылған маршрут жүйесі.

Қазақстан табиғи байлығы мен тарихи-мәдени мұрасы жағынан теңдессіз мүмкіндіктерге ие. Бірақ жүйелі жұмыстарсыз туризм экономиканың толыққанды тірегіне айналмайды. Инфрақұрылымды жаңарту, экологияны сақтау, кадр даярлау, сервис сапасын көтеру және цифрландыру – басты басымдықтар болуы тиіс.

«Алдағы үш жылда туризм жергілікті атқарушы органдардың негізгі міндетіне айналады. Енді серпіліс жасайтын уақыт келді», – деп түйіндеді Екатерина Смолякова.