4 шілде күні Астанада басталатын шараға Қазақстан басшылық етеді, деп хабарлайды Caravan.kz медиа порталы.
Әскери ұшақ бекерден бекер ұшып жүрген жооқ Астананың аспанында: ШЫҰ шекаралық қауіпсіздік жайын көбірек күйттейтін құрылым. Қазір тоғыз ел мүше, он төрт ел серіктес есебінде жиынға қатысады. Астана саммитінде Белорусь та ұйымның стратегиялық серіктесі атануға ниетті.
"Қазақстан ұйымның әскери мақсатынан гөрі экономикалық мүмкіндігін пайдалануды көбірек көксейді. Оған мүмкіндігіміз де мол", - деп пікір білдірді журналист Алмас Алтай.
Далиып жатқан Қазақтың сайын сахарасы Шығыстан Батысқа, Оңтүстіктен Солтүстікке ағылар көлік керуені үшін таптырмас төте жол!
"Бір белдеу, бір жол" жобасы - Қазақстан үшін өте тиімді нысанға айналды. Қазір тек осы жобаның өзінде ғана Қытайдан Еуропаға қазақ жері арқылы өтетін контейнерлер керуені 100 есеге өсті.
Иудан шығып, күллік қазақ даласын көктей өтіп, сонау ит арқасы қияндағы Лондонға маңдай тірейтін маршрут біз үшін Құдай бере салған несібе.
Енді ел тыныш болса, жол тегіс болса, жол бойындағы бәліш ыстық, шәй дәмді болса, көліктің ақауына шұғыл ем табылса - бітті! Ақшаңды санап алып, отыра бересің!
Иранға, Түркіменстанға, Таяу Шығысқа шығып кететін темір жолдар жатыр бізде. Оның үстіне өзіміз сыртқа шығаратын мұнай, газ, уран бар. Логистиканы дамытуға мүдделі біз ғана емес, ұйымға мүше елдердің ортақ ойы сол. Демек, Құдайдың беруінің кемі жоқ, тек соны ұқсатып пайдалану ғана қалып тұр.
Астана саммитінде осы мәселелердің бірі ескерусіз қалмайды һәм Әлемдік саясатқа әсер ететін сан түрлі мәлімдемелер де жасалуы мүмкін. Астана көшелерінде, әсіресе сол жағалауда шетелдік журналистер әлден-ақ өріп жүр. Орта Азия мен Қытайдың, әрине, Ресейдің жиналып ап не айтатыны басқаларға да қызық.