Президент бастамасы бойынша дайындалған, Жаңа Конституцияның қабылдануына байланысты әзірленген амнистия туралы заң жобасын Мәжіліс қарап жатыр. Бұл рақымшылыққа кімдер ілігуі мүмкін? Caravan.kz медиа порталының тілшісі жалғастырады.
ІІМ ұсынған мәліметтерге сүйенсек, рақымшылыққа 15 мыңнан астам адам ілігуі мүмкін. Бұның ішіндегі 1500-ге жуығы түзеу мекемелерінде жазасын өтеп жатқандар.
Бұл жолғы амнистия тек қылмыстық істер бойынша ғана емес, тарихымызда бірінші рет әкімшілік істерге де қатысты болмақ. Бұл енді өте үлкен жаңалық дейді сарапшылар. Десе де, мұндай жеңілдіктер бәріне бірдей қолданылмайды.
Ведомство бұл шешімді Конституцияның қабылдануымен байланыстырып отыр. Амнистияның негізгі мақсаты – қоғамға айтарлықтай қауіп төндірмейтін құқық бұзушылардың қайта әлеуметтенуіне мүмкіндік беру және олардың қалыпты өмірге оралуына жағдай жасау.
Қазір ІІМ басқа мемлекеттік органдармен бірлесіп, амнистия туралы заңның соңғы нұсқасын әзірлеу жұмыстарын жүргізіп жатыр.
Амнистия кімдерге қолданылады?
Жоспар бойынша амнистия ең алдымен қылмыстық теріс қылықтар мен ауырлығы жеңіл қылмыстар жасаған азаматтарға қатысты қолданылады.
Сондай-ақ орташа ауырлықтағы қылмыс үшін сотталғандар да жеңілдікке ілігуі мүмкін. Бірақ бұл үшін келтірілген залал толық өтелуі немесе мүлде болмауы қажет.
Бұдан бөлек, жекелеген санаттағы сотталғандардың жаза мерзімін қысқарту көзделген. Бұл ретте қылмыстың ауырлығы, сотталған адамның тәртібі мен түзелу деңгейі ескеріледі.
Кімдер амнистияға ілікпейді?
Билік амнистия қоғамдық қауіпсіздікке қатер төндірмейтін азаматтарға ғана қатысты болатынын атап өтті. Сондықтан төмендегі санаттағы адамдарға амнистия қолданылмайды:
Министрлік өкілдерінің пікірінше, дәл осы шектеулер қоғамдағы қауіпсіздік деңгейін сақтауға мүмкіндік береді.
Қоғамда алаңдаушылық бар
Амнистия туралы хабар қоғамда қызу талқылануда. Әлеуметтік желілерде көптеген қазақстандықтар қауіпті қылмыскерлердің бостандыққа шығуынан қауіптенетінін жазып жатыр.
Кейбір азаматтар қылмыс жасаған адам сот белгілеген мерзімді толық өтеуі керек деп есептейді. Олардың пікірінше, мерзімінен бұрын босату әділдік қағидатына қайшы келуі мүмкін.
Алайда амнистияны қолдайтындар да бар. Олар әрбір істі жеке қарастырып, адамның қандай қылмыс жасағанына және түзелу дәрежесіне назар аудару қажет екенін айтады.
Заңгерлер не дейді?
Сарапшылар қоғамды дүрліктірмеуге шақырады. Олардың айтуынша, Қазақстан тәуелсіздік алғаннан бері мұндай амнистиялар бірнеше рет өткізілген. Қазіргі науқан көлемі жағынан ең ірілерінің бірі болғанымен, оның нақты талаптары мен шектеулері бар.
Заңгерлердің сөзінше, амнистия туралы заңда бірқатар сүзгілер қарастырылған. Атап айтқанда, қылмыстың түрі, келтірілген залалдың болуы, оның өтелуі, рецидив фактісі және адамның қоғамға қауіптілік деңгейі есепке алынады.
Сарапшылардың пікірінше, амнистиядан кейінгі кезең де маңызды. Бостандыққа шыққан азаматтарды жұмыспен қамту, әлеуметтік бейімдеу және пробациялық бақылау жүйесі дұрыс жұмыс істемесе, тәуекелдер сақталуы мүмкін.
Сонымен қатар заңгерлер амнистия әрдайым қоғамды екіге бөлетін мәселе екенін айтады. Біреулер үшін ол жаңа өмір бастауға берілген мүмкіндік болса, екінші тарап үшін әділеттілікке күмән тудыратын шешім ретінде қабылданады.
Әсіресе жәбірленушілер үшін мұндай шешім ауыр болуы мүмкін. Өйткені олар ұзақ уақыт бойы сот арқылы әділдік іздеп, ақыры кінәлі адам мерзімінен бұрын босап шыққанда, әділет салтанат құрмағандай әсер алуы ықтимал.
Миллионға жуық айыппұл есептен шығарылады
Биылғы амнистияның тағы бір ерекшелігі – Қазақстан тарихында алғаш рет әкімшілік амнистияның енгізілуі.
Ол Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 263 бабын қамтиды және 15 мемлекеттік органның құзыретіне кіретін құқық бұзушылықтарға қатысты болады.
Амнистия аясында азаматтар, жеке кәсіпкерлер және жеке практикамен айналысатын тұлғалар 2026 жылғы 17 наурызды қоса алғанға дейін жасалған құқық бұзушылықтар бойынша төленбей қалған әкімшілік айыппұлдардан босатылады.
ІІМ дерегіне сәйкес, тек министрлік желісі бойынша ғана жалпы сомасы 17 миллиард теңгеден асатын бір миллионға жуық айыппұл есептен шығарылмақ.
Қандай айыппұлдарға кешірім жоқ?
Әкімшілік амнистия қоғамдық қауіпсіздік пен адамдардың өміріне қатер төндіретін құқық бұзушылықтарға қолданылмайды.
Олардың қатарында:
Неліктен мас жүргізушілерге жеңілдік берілмейді?
Әкімшілік амнистия төңірегіндегі ең қызу талқыланған мәселелердің бірі – жүргізушілерге қатысты шектеулер болды.
Заңгерлердің айтуынша, мас күйінде көлік басқарғаны үшін жүргізуші куәлігінен айырылған азаматтар амнистия арқылы құқықтарын қайтаруды сұрап, құқықтық кеңеске жиі жүгінген.
Алайда бұл ұсыныс қолдау таппады. Депутаттардың пікірінше, мас күйінде рөлге отырған адам өз өміріне ғана емес, өзгенің өміріне де қауіп төндіреді. Сондықтан мұндай құқық бұзушылықтарды кешіруге болмайды.
"Көріп отырсыздар, рақымшылық деген қанша жерден гуманизм болғанымен, мемлекетке, қоғам мүшелеріне аса қауіпті қылмыс жасағандарға аяушылық жасалмайды! Жаза қаталдығы бар жерде тәртіп те болады. Қазір аталмыш заң жобасын Мәжіліс қарап жатыр. Бәрі сәтті өтіп жатса, Президент қол қойып, рақымшылық жүзеге асып қалар", - деп пікір білдірді Алмас Алтай.