Қазақстан Үкіметі отставкаға кетті. Тиісті жарлыққа Президент Қасым-Жомарт Тоқаев қол қойды, деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі.
Тиісті жарлық Президенттің ресми сайтында жарияланды:
Қазақстан Республикасы Конституциясының 69-бабының 1-тармағына, "Қазақстан Республикасының Үкіметі туралы" Қазақстан Республикасы Конституциялық заңының 4-бабына сәйкес жаңадан сайланған Қазақстан Республикасы Құрылтайының алдында Қазақстан Республикасы Үкіметінің өкілеттігін доғаруына байланысты ҚАУЛЫ ЕТЕМІН:
1. Қазақстан Республикасы Үкіметінің жаңа құрамы бекітілгенге дейін Қазақстан Республикасының Үкіметі өз міндеттерін атқаратын болсын.
2. Осы Жарлық қол қойылған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.
Еске сала кетейік, Құрылтай сайлауы 23 тамызда өтті. Оның құрамына бес саяси партиядан 145 депутат кірді.
Үкімет функцияларын кім атқарады?
Өкілеттігі тоқтатылғаннан кейін ел Үкіметсіз қалмайды. Заңнамаға сәйкес, қолданыстағы құрам жаңасы бекітілгенге дейін өз міндеттерін атқаруды жалғастыра береді.
Бұл премьер-министр Олжас Бектеновке, оның орынбасарлары мен министрлерге қатысты. Олар Үкіметтің жаңа құрамы тағайындалғанға дейін өз функцияларын орындауды жалғастырады. Сонымен қатар қазіргі министрлердің бір бөлігі өз орындарын сақтап қалуы мүмкін - бұл жағдайда олар қайта тағайындалады.
Осылайша, өкілеттіктерді тапсыру мен жаңа Үкіметтің жасақталуы арасындағы кезеңде оның мүшелері іс жүзінде міндетін атқарушы мәртебесінде жұмыс істейтін болады.
Тағы қандай жағдайларда Үкімет отставкаға кетуі мүмкін?
Конституцияға сәйкес, Үкімет және оның кез келген мүшесі, егер өздеріне жүктелген функцияларды бұдан әрі жүзеге асыру мүмкін емес деп санаса, Президентке өз отставкасы туралы мәлімдеуге құқылы.
Құрылтай Үкіметке сенімсіздік вотумын білдірген жағдайда, Үкімет Президентке отставкаға кететінін мәлімдейді.
Президент отставканы қабылдауы немесе қабылдамауы тиіс
Президент он күндік мерзімде отставканы қабылдау немесе қабылдамау туралы мәселені қарайды.
Отставканы қабылдау Үкіметтің немесе оның тиісті мүшесінің өкілеттігін тоқтатуды білдіреді. Премьер-министрдің отставкасын қабылдау бүкіл Үкіметтің өкілеттігін тоқтатуды білдіреді.
Үкіметтің немесе оның мүшесінің отставкасы қабылданбаған жағдайда, Президент оған міндеттерін әрі қарай жүзеге асыруды тапсырады. Президент өз бастамасы бойынша Үкіметтің өкілеттігін тоқтату туралы шешім қабылдауға және оның кез келген мүшесін лауазымынан босатуға құқылы. Премьер-министрді лауазымынан босату бүкіл Үкіметтің өкілеттігі тоқтатылғанын білдіреді.