Қазақстан жаңа климаттық дәуірге қадам басты ма? Аптап ыстық еңбек нарығы мен халықтың тұрмысына қалай әсер етеді? 

Әлем бұрын-соңды болмаған аптап ыстықтың құрсауында қалды. АҚШ пен Германияда жол жабыны еріп жатыр, Францияда өзен суларының шамадан тыс жылынуына байланысты кейбір атом электр станцияларының жұмысы уақытша шектелді, ал Оңтүстік Еуропада ауруханалар ыстықтан зардап шеккен адамдарға толуда. Осылайша климаттың өзгеруі бүгінгі күннің өзекті мәселесіне айналды.  Қазақстан да жаңа климаттық шындыққа бет алды. Сарапшылар не дейді? Caravan.kz медиа порталының тілшісі тақырыпты саралады.  

Биыл елдің 14 өңірін аптап ыстық жайлады. Астанада ауа температурасы +36,8 градусқа дейін көтеріліп, 85 жыл бұрынғы тарихи рекорд жаңарды. Салдарынан сауда орындарында желдеткіштер өте тез сатылып жатыр, ал кондиционерлерді орнату үшін бірнеше апта кезек күту қалыпты жағдайға айналуда.

Елдің оңтүстігінде алдағы күндері +44 градусқа дейін ыстық болуы мүмкін деген болжам бар. Ал орталық және шығыс өңірлерде топырақтың беткі қабаты +65 градусқа дейін қызды. Мамандардың айтуынша, мәселе тек қолайсыз ауа райымен шектелмейді. Климаттың өзгеруі ауыл шаруашылығына, энергетикаға, су ресурстарына және ел экономикасына ұзақ мерзімді қауіп төндіріп отыр.

Қазақстандағы климат неге өзгеріп жатыр?

«Қазгидромет» климаттық зерттеулер басқармасының жетекші ғылыми қызметкері Әділжан Жақыптың айтуынша, Қазақстандағы орташа температура соңғы онжылдықтарда тұрақты түрде өсіп келеді.

Оның сөзінше, еліміздің Еуразия құрлығының дәл ортасында орналасуы дүниежүзілік климаттық өзгерістердің әсерін күшейте түседі. Соңғы жылдары ауа температурасының тұрақты жоғарылауы байқалады және қазіргі деректер аталған үрдістің бәсеңдеу белгілерін көрсетіп отырған жоқ.

Маман климаттың өзгеруіне атмосфераға шығарылатын парниктік газдардың көбеюі әсер етіп жатқанын атап өтті. Соның салдарынан жерден таралатын жылу атмосферада ұзақ сақталып, орташа температура үздіксіз жоғарылап келеді. 

«Бұл уақытша құбылыс емес»

Тұрақты даму және климат жөніндегі сарапшы Наталья Бачинская қазіргі жағдайды қалыпты табиғи циклмен байланыстыруға болмайтынын айтады.

Оның айтуынша, соңғы он жыл адамзат тарихындағы ең ыстық кезең ретінде тіркелді. Сонымен қатар 2024 жылы жаһандық орташа температура алғаш рет Париж келісімінде белгіленген қауіпті межеден асып түсті.

«Біз қазір жаһандық жылыну туралы емес, климаттың өзгеруі туралы айтып отырмыз. Бұл тек аптап ыстық емес. Сонымен қатар нөсер жаңбырлардың, күшті желдердің және басқа да экстремалды табиғи құбылыстардың жиілеуіне алып келеді», – дейді Наталья Бачинская.

Аптап ең алдымен ауыл шаруашылығына соққы берді

Климаттың өзгеруінің алғашқы салдарын ауыл шаруашылығы сезіне бастады. Астық одағы жанындағы талдау комитетінің жетекшісі Евгений Карабановтың айтуынша, елдің орталық және шығыс өңірлерінде жауған жауын-шашын топыраққа  5–7 миллиметр ғана ылғал берген. Мұндай көлем егіннің қалыпты дамуына жеткіліксіз.

Соның салдарынан бидай жоғары температурадан күйзеліс алып, өнімділікке қауіп күшейіп отыр. Нарық мұны бірден сезінді. Астық бағасы көтеріле бастады, ал фермерлер өнімдерін сатуға асықпай, бағаның әрі қарай өсуін күтіп отыр. Сарапшының пікірінше, алдағы уақытта тек бидай ғана емес, арпа мен жүгерінің де бағасы қымбаттауы мүмкін. 

Наталья Бачинскаяның айтуынша, климаттық модельдер қазіргі жағдай сақталса, ғасыр соңына қарай Қазақстандағы бидай өнімділігі 20 пайызға дейін төмендеуі мүмкін екенін көрсетеді. Егер әлем елдері парниктік газдар шығарындыларын азайту жөніндегі міндеттемелерін толық орындаса, бұл шығынды екі есеге дейін қысқартуға болады. Алайда өнім көлемінің төмендеуі азық-түлік бағасының қымбаттауына, экспорттық әлеуеттің әлсіреуіне және инфляциялық қысымның күшеюіне алып келуі мүмкін.

Су тапшылығы қалай шешіледі?

Сарапшылардың пікірінше, алдағы онжылдықтарда Қазақстан үшін ең күрделі мәселе аптап ыстық емес, су тапшылығы болмақ.

Қоршаған ортаны қорғау саясаты жөніндегі кеңесші Арман Кожакелдиевтің айтуынша, Қазақстан пайдаланатын жерүсті суының едәуір бөлігі трансшекаралық өзендер арқылы келеді. Сондықтан елдің су қауіпсіздігі тек ішкі ресурстарға ғана емес, көрші мемлекеттердің су пайдалану саясатына да тәуелді.

«Біздегі ең үлкен тәуекел климаттың өзгеруімен қатар, су ресурстарының азаюы. Мұздықтар еріп жатыр, трансшекаралық өзендердегі су көлемі қысқарып келеді. Сондықтан мәселе тек табиғатта емес, өңірлік су саясатына да байланысты», – дейді сарапшы.

Оқи отырыңыз: 1973 жылғы жойқын селдің сабағы: Мәншүк Мәметова мұздығы қандай қауіп төндіруі мүмкін

Бүгінде Іле, Ертіс, Сырдария, Шу және Талас сияқты өзендердің басым бөлігі Қазақстан аумағынан тыс жерде қалыптасады. Ал климаттың жылынуы бұл бассейндердегі су қорына қосымша қысым түсіріп отыр.

«Қазгидрометтің» жетекші ғылыми қызметкері Әділжан Жақыптың айтуынша, Орталық Азиядағы температураның көтерілу қарқыны әлемдік орташа көрсеткіштен жоғары. Соның салдарынан мұздықтар бұрынғыдан әлдеқайда жылдам еріп жатыр.

Оқи отырыңыз: Танымал Богданович мұздығы жоғалып кетуі мүмкін: Орталық Азиядағы мұздықтар еріп, тұщы су қоры азайып барады

Бастапқы кезеңде бұл өзендердегі судың уақытша көбеюіне әсер етуі мүмкін. Алайда мұздықтардың көлемі азайған сайын өзендердің қоректенуі де әлсірейді. Үкіметтің болжамына сәйкес, 2030 жылға қарай елдегі су тапшылығы 23 текше шақырымға дейін жетуі мүмкін. Бұл көрсеткіш ауыл шаруашылығы, өнеркәсіп және халықты ауызсумен қамтамасыз етуге тікелей әсер етеді.

Каспийдің тартылуы

Климаттық өзгерістің тағы бір айқын көрінісі бар. Ол Каспий теңізі деңгейінің төмендеуі. Сарапшылар бұл құбылысты бірнеше фактордың қосындысымен байланыстырады. Біріншіден, температураның көтерілуінен булану күшейіп келеді. Екіншіден, теңізді қоректендіретін өзендер арқылы келетін су көлемі азайып барады. Үшіншіден, ауыл шаруашылығы мен өнеркәсіптің су тұтынуы жыл сайын артып келеді.

Арман Қожакелдиевтің пікірінше, Каспийдегі жағдай Қазақстандағы су тапшылығының ең көрнекті белгілерінің бірі және алдағы жылдары бұл мәселе одан әрі күрделене түсуі ықтимал.

Аптап энергетикаға да жаңа талап қойып отыр

Климаттың өзгеруі электр энергетикасына да тікелей әсер етуде.

Биылғы жазда Қазақстанның көптеген қалаларында тұрмыстық желдеткіштер бірнеше күн ішінде сатылып кетті. Ал кондиционер орнататын компаниялар тапсырысты бірнеше апта бұрын қабылдап қойған. Энергетикалық жобалау компаниялары қауымдастығының өкілдері жаз мезгіліндегі электр энергиясын тұтыну көлемі бұрын-соңды болмаған деңгейге жақындап келе жатқанын айтады.

Егер бұған дейін электр желілеріне ең жоғары жүктеме қыс айларында түссе, қазір жағдай өзгеріп жатыр. Себебі тұрғындар мен кәсіпорындар барған сайын салқындату жүйелерін көбірек қолдана бастады. Сарапшылардың бағалауынша, орташа температураның әрбір 1 градусқа көтерілуі электр энергиясына сұранысты шамамен 3-5 пайызға арттырады.

Энергетиктердің болжамынша, егер қазіргі қарқын сақталса, алдағы 3-7 жыл ішінде Қазақстанда жазғы электр тұтыну көлемі қысқы максимумға теңесуі немесе одан асып түсуі мүмкін. Бұл электр желілерін жаңғыртуды, жаңа генерация көздерін іске қосуды және энергия тиімділігін арттыруды талап етеді. Сонымен қатар климаттың өзгеруі электр энергиясының өзін ғана емес, оның құнын да қымбаттатуы ықтимал. Себебі өндіріс көлемін ұлғайту, желілерді жаңарту және жаңа инфрақұрылым салу миллиардтаған инвестицияны қажет етеді.

Климаттың өзгеруі денсаулыққа, еңбек нарығына және халықтың тұрмысына қалай әсер етеді?

Тұрақты даму және климат жөніндегі сарапшы Наталья Бачинскаяның айтуынша, ұзаққа созылатын аптап ыстық жүрек-қан тамырлары ауруларының асқынуына, күн өту жағдайларының көбеюіне және еңбек өнімділігінің төмендеуіне әкеледі. Әсіресе құрылыс, жол жөндеу, ауыл шаруашылығы, тау-кен өндірісі сияқты ашық аспан астында жұмыс істейтін адамдар тәуекел аймағында. 

Көптеген мемлекеттер қазір еңбек режимін қайта қарап жатыр. Жұмыс таңғы ерте уақытта басталып, күннің ең ыстық мезгілінде уақытша тоқтатылады. Сарапшылардың пікірінше, мұндай тәжірибе Қазақстан үшін де өзекті болуы мүмкін.

Аптап ыстықтың әсері денсаулықпен ғана шектелмейді. Ол халықтың күнделікті шығынын да көбейтеді. Кондиционерлерге, желдеткіштерге, электр энергиясына сұраныс артып, коммуналдық төлемдер өседі. Ал ауыл шаруашылығындағы өнімнің азаюы азық-түлік бағасының қымбаттауына әсер етеді.

Басқаша айтқанда, климаттың өзгеруі әрбір қазақстандықтың қалтасына әсер ете бастайды.

Қазақстан дайын ба?

Сарапшылардың айтуынша, мемлекет климаттық тәуекелдерге бейімделу бағытында бірқатар шараларды қолға алған. Елімізде климаттың өзгеруіне бейімделудің ұлттық жоспары әзірленіп жатыр. Онда су ресурстары, ауыл шаруашылығы, төтенше жағдайлар, энергетика және денсаулық сақтау салалары негізгі басымдық ретінде қарастырылған.

Әділжан Жақыптың айтуынша, соңғы жылдары су үнемдеу технологияларын енгізу қарқыны айтарлықтай өсті. Мәселен, 2023 жылдан бері су үнемдеу технологиялары енгізілген егістік алқаптарының көлемі шамамен екі есеге артқан. Ал 2030 жылға дейін суармалы жерлердің 1 миллион гектардан астамын тамшылатып және жаңбырлатып суару жүйесіне көшіру жоспарланып отыр.

Бұл жыл сайын шамамен 2 текше шақырым су үнемдеуге мүмкіндік береді. Сонымен қатар мемлекет фермерлерге су үнемдеу технологияларын енгізуге берілетін субсидия көлемін 50 пайыздан 80 пайызға дейін ұлғайтқан.

Мамандардың айтуынша, климаттың өзгеруімен күресу бір мемлекеттің қолынан келмейді. Сондықтан Қазақстан Орталық Азия елдерімен су ресурстарын бірлесіп басқару, төтенше жағдайлардың алдын алу және климатқа бейімделу бағытында өңірлік ынтымақтастықты күшейтіп келеді.