Қазақстанда 1 млн гектардан астам ауыл шаруашылығы жері мемлекет меншігіне қайтарылды

Бұл туралы Caravan.kz медиа порталы kaz.inform.kz-ке сілтеме жасап хабарлайды.

ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігінің Жер ресурстарын басқару комитеті биыл нысаналы мақсаты бойынша игерілмеген немесе жер заңнамасы талаптары бұзылған 1 млн гектар жерді қайтаруды жоспарлаған. Ведомствоның мәліметінше, бұл жоспар толық орындалды.

— Жерді мемлекет меншігіне қайтару жұмыстары пайдаланылмай жатқан ауыл шаруашылығы алқаптарын анықтау және жерді тиімді пайдалану мақсатында жүргізіліп жатыр. Қайтарылған жерлерді қайтадан шаруашылық айналымына енгізу, жер ресурстарын ұтымды пайдалану және мемлекеттік бақылауды күшейту көзделіп отыр, — делінген хабарламада.

Жер заңнамасының сақталуын қамтамасыз ету бағытындағы жұмыстар алдағы уақытта да жалғасады.

Айта кетейік, 2022 жылдан бері Қазақстанда жалпы көлемі 15,4 млн гектар жер мемлекет меншігіне қайтарылған.