Бұл туралы Caravan.kz медиа порталы Tengrinews.kz-ке сілтеме жасап хабарлайды.
2026 жылдың маусымы Қазақстанда қандай болды?
"Қазгидрометтің" мәліметінше, Қазақстанның басым бөлігінде маусым айы климаттық нормадан 1-5 градусқа ыстық болды. Күндізгі ауа температурасы аймақтардың көбінде +30...+38 градусты көрсетсе, елдің оңтүстігінде кей жерлерде +43 градусқа дейін жетті. Синоптиктер мұндай ауа райын құрғақ тропикалық ауа массаларының әсерімен түсіндірді.
Сонымен қатар Қазақстанның батысында керісінше жағдай байқалды: атлантикалық циклондардың салдарынан мұнда салқын әрі жаңбырлы ауа райы орнады. Бірқатар ауданда жауын-шашын мөлшері климаттық нормадан 2-5 есе асып түсті.
Температуралық рекордтар қай жерлерде жаңарды?
Синоптиктердің деректері бойынша, 1 маусымда Павлодарда ауа температурасы +36,8 градусқа дейін көтеріліп, 1955 жылғы рекордты (+36,1 градус) жаңартты.
Осы күні Алматыда да жаңа рекорд тіркелді. Ауа температурасы +34,5 градусқа жетіп, 1967 жылғы көрсеткіштен (+34,4 градус) асып түсті.
8 маусымда Астанада термометр бағандары +33,7 градусқа дейін көтерілді, бұл 2023 жылғы рекордтан (+33,6) жоғары болды.
29 маусымда елдің шығысында температуралық максимумдар жаңарды. Семейде +38 градус тіркеліп, 1992 жылғы рекорд (+36,7) бұзылса, Өскеменде температура +36,7 градусқа жетіп, 1974 жылғы көрсеткішті (+36) жаңартты.
Тек аптап емес
Маусым айы қалыптан тыс ыстық температурамен ғана емес, рекордтық деңгейдегі жауын-шашынмен де ерекшеленді. Бірқатар өңірде бір тәулік ішінде бір-екі айлық нормаға тең жаңбыр жауды.
Мәселен, 3 маусымда Ақтөбе облысының Ойыл метеостанциясында айлық норма 22 миллиметр болса, 45 миллиметр жауын-шашын түсті, ал Ақтөбеде 30 миллиметр норма кезінде 33 миллиметр жауды.
Көп жауған нөсер 9 маусымда Қостанай облысының Михайловка станциясында тіркелді, онда бір тәулікте 64 миллиметр жауын жауды (айлық норма - 39 миллиметр). 24 маусымда Жетісу облысының Сарқан станциясында норма 40 миллиметр болса, 49 миллиметр жауды, ал 29 маусымда Солтүстік Қазақстан облысының Тимирязево станциясында норма 42 миллиметр болғанымен, 50 миллиметр жауын-шашын түсті.
Астанада 2026 жылдың маусымы қандай болды?
Елордада айлық орташа ауа температурасы +24,4 градусты құрады, бұл климаттық нормадан (+19,6) 4,8 градусқа жоғары.
Астанадағы ең ыстық күн 23 маусым болды, сол күні ауа +36,8 градусқа дейін ысыды. Ең төменгі температура 2 маусымға қараған түні тіркелді - +13,1 градус.
Бір ай ішінде Астанада 24 миллиметр жауын-шашын жауды, бұл климаттық нормадан (40 миллиметр) төмен.