“Қазақстанда әділдік жоқ екеніне көзім жетті” - Талғарда кісі қолынан қаза тапқан жасөспірімнің әкесі 

Бұл туралы Caravan.kz медиа порталы Stan.kz-ке сілтеме жасап хабарлайды.

Шерзаттың әкесі Қаржаубай Нұрымов Қазақстанда ұлының өліміне қатысты әділ шешім шықпайтынына көзі жеткенін айтты. 

“Бір ғана өтінішім бар, қазақ елінде ешқандай қан-төгіс болмасын. Тоқаев мырзадан сұрайтыным, отбасымды аман-есен алып, басқа мемлекетке көшіп кетуіме жағдай жасасын”, – деді Шерзаттың әкесі.

Қаржаубай Нұрымов күні кеше желіде тараған өзінің пышақ ұстаған видеосына қатысты пікір білдірді. 

“Олар пышақпен келді. Мен енді қаламмен немесе қағазбен шықпаймын ғой. Жалынып, жалбарынып сұрадым, қолдарын алдым. Сол жерде қолдарын еркекше беріп кетті. Артынан келіп істеп отырған тірлігі – мынау. Мен, Шерзат немесе Нұрғанат біреуіміз сол жерде қан төксек бізді қаралап, “қанішер” десеңіздер болады. Мен қан төккен емеспін, қан төкпеймін де. Менің басымдағы жағдайды, қарындасымның, анамның, әйелімнің қалай жылағанын көрсеңіздер түсінесіздер. “Анам, әкем” деп жылау бір бөлек, бірақ “ботам” деп жылау мүлдем бөлек. Мен қазақ болған соң бірде-бір қазақтың қаны төгілмесін деймін. Айтарым осы. Соттаймын, атамын десеңіздер, өздеріңіз білерсіздер”, – деді марқұмның әкесі Қаржаубай Нұрымов.