Қазақстанда әскери қызметтің жаңа түрі пайда болады

Қазақстанда «резервтегі әскери адам» ұғымы енгізіледі. Парламент Мәжілісі «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне резервтегі қызмет мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заңды екінші оқылымда қабылдады, деп хабарлайды Caravan.kz медиа порталы Azattyq Rýhy-на сілтеме жасап.

Заң жобасына сәйкес, сабақтар немесе жиындар кезінде әскери қызметші мәртебесін алатын «резервтегі әскери адам» деген жаңа ұғым енгізіледі.

Қорғаныс министрінің бірінші орынбасары – ҚР Қарулы күштері Бас штабының бастығы Сұлтан Қамалетдиновтің айтуынша, қазір бізде мерзімді әскери қызметшілер, келісімшарт бойынша әскери қызметшілер бар, ал енді резевтегі әскери қызмет пайда болады. Резервтегі әскери қызметке іріктеу ерікті түрде жүреді.

«Ең бірінші кезекте әскери қызметте тәжірибесі бар, мерзімді әскери қызмет өткерген немесе қатардағы, сержанттық, офицерлік құрамдағы келісімшарт бойынша әскери қызметте болғандар таңдалады. Сонымен қатар резервтегі қызмет – әлеуметтік сатының бірі, яғни сіңірген еңбегі үшін зейнетке шыққан әскери қызметшілерді жұмыспен қамтиды», - деп түсіндірді ол Мәжіліс кулуарында.

Жас шектеуі сарбаздар мен сержанттар үшін 50 жасқа, офицерлер үшін 60 жасқа дейін болмақ.

Бұдан бөлек, заңда резервтегі әскери адамдарды әлеуметтік қамтамасыз ету, оның ішінде жалақы, зейнетақы, міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыруға аударымдар мен жарналар және өзге де төлемдер мәселелерін реттейтін түзетулер қарастырылған.