Бұл туралы Caravan.kz медиа порталы primeminister.kz-ке сілтеме жасап хабарлайды.
Премьер-министрдің орынбасары – жасанды интеллект және цифрлық даму министрі Жаслан Мәдиев атап өткендей, саланы дамыту төрт негізгі бағытқа негізделген. Олар – өнімді инновацияларды ынталандыру, жер қойнауын пайдалану саласындағы шешімдерді енгізу, Astana Hub платформасы арқылы экожүйені дамыту және кластерді қалыптастыру.
Инновациялық кәсіпкерлікті дамытудың негізгі институты Astana Hub болып қала береді. Оның платформасында жасанды интеллект саласындағы стартаптарды іске қосуға бағытталған AI’preneurs-ті қоса алғанда, акселерациялық бағдарламалар идея кезінен бастап инвестициялар тарту сатысына дейін жүзеге асырылады. 2024 жылдың қыркүйегінен бері бағдарламаның үш легі өткізілді, оның шеңберінде 35 ЖИ-стартап құрылды.
Астана әкімдігімен бірлесіп қалалық ортаға стартаптарды енгізуге және оларды коммерциялық келісімшарттарға айналдыруға бағытталған Astana Innovations Accelerator бағдарламасы жүзеге асырылуда. Іріктеу қорытындысы бойынша 8 жоба қаржыландырылды.
2025 жылдың қорытындысы бойынша Astana Hub резиденттері 32,5 мыңнан астам жұмыс орнын ашты. Әлемнің 111 еліне IT-қызметтерді экспорттаумен 537 компания айналысады. Экспорттың жалпы көлемі 328 млрд теңгеге жетті, бұл 2024 жылғы көрсеткіштен 44%-ға артық.
Қазақстанда Exponential Cluster жобасы қалыптасуда. Бұл – ғылым, технологиялық стартаптар мен индустрия біртұтас экожүйе ретінде жұмыс істейтін эталондық инновациялық алаң.
Кластер аясында қазірдің өзінде келесі бағыттар бойынша технологиялық орталықтар желісі қалыптасуда: Олар – Robotics, DroneTech, GameDev, Cybersecurity, MedTech, AgriTech, Industry 4.0 және Cybersport. Сондай-ақ Робототехника орталығында қазірдің өзінде телеоператор арқылы гуманоид роботты басқару жүзеге асырылуда. Роботты тілдік модельмен интеграциялау келушілермен интерактивті байланыс орнатуға мүмкіндік береді.
«Дрондар орталығында Phygital-арена мен ұшқышсыз ұшу аппараттарының операторларын даярлауға арналған инфрақұрылым құру аяқталуға жақын. Сондай-ақ, Робототехника орталығында гуманоидты роботтар зертханасы іске қосылды. Онда пайдаланушылармен өзара іс-қимыл жасау үшін Alem LLM тілдік моделімен телебасқару және интеграция технологиялары жүзеге асырылды», — деп атап өтті министр.
Барлық орталықтарды іске қосуды биыл аяқтау жоспарлануда. Болашақта кластер жыл сайын 500-ге жуық стартапты, соның ішінде 100-ден астам hardware-жобаны пайдалануға беруді қамтамасыз етеді. Exponential Cluster жыл сайын 500-ге дейін стартаптардың іске қосып, инновацияларды тарту орталығына айналмақ.
Одан бөлек пилотсыз технологияларды дамытуға көңіл бөлінуде.
Қазақстанда халықаралық технологиялық компаниялардың қатысуымен пилотсыз автомобильдердің эксперименттік жобасын іске қосу жоспарлануда. Жобаны іске асыру мерзімі – 2026 жылдың ІІ тоқсаны.
Елімізде технологиялық шешімдерді енгізу үшін қажетті инфрақұрылым қалыптасуда. Жеке бастама шеңберінде жеткізуші дрондарды енгізу бойынша пилоттық жоба жүзеге асырылуда. Бұл қалалық ұтқырлық пен логистиканың жаңа үлгілерін сынауға мүмкіндік береді.