Бұл туралы Caravan.kz медиа порталы Tengrinews.kz-ке сілтеме жасап хабарлайды.
Мәжілістегі брифингте журналистердің сұрағына жауап берген Серік Жұманғарин азық-түлік бүкіл әлемде қымбаттап жатқанын айтты.
"Азық-түлік қымбаттағанын ҚҚС-мен ғана байланыстырудың қажеті жоқ. Мұнда көптеген нюанс бар. Барлық тағам түрімен өзімізді қамтамасыз етпейтінімізді білесіздер. Ал әлеуметтік маңызы бар азық-түлік өнімдерінің көпшілігі бойынша өзімізді 70-тен 90 пайызға дейін қамтамасыз етіп отырмыз. Әлеуметтік маңызы бар азық-түлікпен ғана шектелмей, өзге де тағам түрлерін тұтынатын азаматтар олардың бір бөлігі импорт арқылы жеткізілуі мүмкін екенін ескеруі қажет", - деді Серік Жұманғарин.
Вице-премьер кейінгі уақытта бүкіл әлемде сүт пен ет бағасы айтарлықтай өскенін мәлімдеді.
"Бұл не деген сөз? Экспортта біздің өнімдеріміз сұранысқа ие бола бастайды. Фермерлеріміз өнімдерін экспортқа сатқысы келеді, өйткені ол жақта баға жоғары. Біз "экспортқа сатпаңыздар, ішкі нарықта сатыңыздар" дейміз. Олар "біз пайда тапқымыз келеді, ішкі нарықта бағаны көтереміз" дейді. Бұған тыйым сала алмаймыз", - деп түсіндірді шенеунік.
Премьер-министрдің орынбасары қаңтардың қорытындысы бойынша Қазақстанда азық-түлік инфляциясы 0,8 пайыз, ал Ресейде 2 пайыз болғанын айтты. Оның сөзінше, Қазақстан өнімдердің басым бөлігін Ресейден алады. Осылайша импорттағы инфляция байқалады.
Журналистер мұндай жағдайда жалақысы төмен адамдар, зейнеткерлер не істейтінін сұрады. Вице-премьер кедейлік шегінен төмен жағдайда тұратын азаматтарға атаулы әлеуметтік көмек көрсетілетінін, ал зейнетақы көтерілетінін жеткізді.