Осыған орай Kazinform тілшісі газ бағасына қатысты талдау жасап көрді, деп жазды Caravan.kz медиа порталы.
Өндіріс қарқыны артып жатыр ма?
Алдымен Қазақстанда жыл сайын өндіріс баяу қарқынмен болса да өсіп жатқанын айта кеткен абзал. Оны кейінгі үш жылдық көрсеткішті шолу арқылы көре аламыз.
Газ өндірісінде негізгі жүк елдегі үш алпауыт компанияға түсіп тұр. Мәселен, Теңіз, Қашаған және Қарашығанақ кен орындары Қазақстандағы өндірістің 83 пайызын қамтамасыз етіп отыр.
Жалпы, газ өндірісінің көлемі жыл сайын шамамен 60 млрд текше метрге жуықтағанына қарамастан, «оның бәрі неге тұтынуға бағытталған тауарлық газға айналмайды» деген сұрақ туындауы мүмкін. Себебі өндірістің жартысына жуығы кен орындарындағы қысымды ұстап тұру мақсатында жер қабатына қайта айдалады. Бұл айла-шарғы мұнайды көптеп шығару үшін қажет. Экспортқа шамамен 15 млрд текше метр шығарылады, оның жартысы SWOP схемасы бойынша Қазақстанға қайтып оралады. Сондай-ақ Қазақстанның Қытайға жыл сайын 10 млрд текше метр жеткізу бойынша міндеттемелері бар. Осылайша, Қазақстанда тауарлық газ шамамен 30 млрд текше метрге жуықтап қалады. Тауарлық газдың жартысына жуығы электр энергиясын өндіруге жұмсалса, үштен бірі халықтың тұрмыстық қажеттіліктеріне, қалғаны кәсіпорындарға жіберіледі.
Қазір ішкі нарықтағы тұтыну көлемі айтарлықтай өсіп жатыр, 2020 жылмен салыстырғанда 2 млрд текше метрге артқан. 2022 жылдың қорытындысы бойынша, елді газдандыру деңгейі 59 пайызды құраса, биыл ол 60 пайыз шегінен асқан. Яғни, 12 млн қазақстандық газ игілігін көруде.
Елде баға тым арзан
Ел аумағында қазір сұйытылған мұнай газы литріне ең арзаны 59 теңгеден, қымбаты 89 теңгеден сатылуда. Оны көбіне автокөлік иелері тұтынатынын жақсы білеміз. Кейінгі жылдың өзінде 300 мың автокөлік автогазға ауысқан. Соның әсерінен ай сайын 10-15 мың тонна автогаз жетіспей жатады.
Ал нағыз тауарлық газдың 1000 текше метрі бар болғаны 23646 теңгеден саудаланып келді. Энергетика министрлігінің мәлімдеуінше, оның зауыттан шыққандағы өзіндік құны – 33169 теңге. Енді тұтынушылар үшін баға 14,6 пайызға өсті. Бұған дейін Қазақстан әлемдегі ең газы арзан елдердің қатарында екені айтылатын. Оның рас екенін келесі кестеден байқауға болады.
Елде бағаның төмен болуы қазақстандықтардан бұрын, шетелдіктерге тиімді. Себебі бұған дейін көлеңкелі жолдар арқылы газды сыртқа арзан бағамен сатқан оқиғалар да кездескен.
Қазіргі жағдаймен кәсіпорындар жұмысы тежеледі
Мұнай және газ саласының сарапшысы Абзал Нарымбетовтің айтуынша, қазір Энергетика министрлігі «былай тартсаң өгіз өледі, олай тартсаң арба сынады» деген күй кешіп отыр. себебі бұл тақырыпта бір-біріне ырық бермей тұрған қарама-қайшы мәселе бар.
– Қазақстандағы газ бағасының өсуі инфляция деңгейінен де төмен. Осы жайттың өзінен газ бағасын өсірмесе өндіріске кері әсер беретінін түсінуге болады. Мәселен, көрші Өзбекстан елі алдағы 3 жылда түрлі жанармай мен газ құнын нарық бағасына сай етуді көздеп отыр. Өзбекстанда халық көп болғанымен ресурс аз, сондықтан олар қазір «шок» тудыратын осы жағдайды бастарынан өткермесе, келешекте бұдан да қиын болатынын ұғынды.
Нарымбетовтің сөзінше, кәсіпорындардың көбі қаншама жылдан бері жаңартылмаған. Бұған бензин, керосин және газ секілді жанар-жағармай бағасының әлемдік нарықтан төмен болуы – басты себеп. Кәсіпорындар жеткілікті ақша таппаған соң ескіре береді. Іс жүзінде нарықтық экономикаға көшпесек, үнемі газ тапшы болады. Кеңес дәуірі де ең соңғы тығырыққа осылай келген.
– Әрине, баға дәл дамыған елдердегідей жоғары болсын демеймін. Өндіріске де, тұтынушыға да тиімді бағаны табуға мүмкіндік бар. Оның үстіне Қазақстандағы мұнай мен газ өнімдеріне қойылған тарифтік шектеулер бағдарламасы инвестициялық климатқа кері әсер етті. Инвесторлар белгілі бір жобаға қаржы құяр алдында қысқа мерзімде табыс көре алмайтынын білсе, жобадан бас тартады. Елдегі ірі 3 кен орны – Қарашығанақ, Теңіз және Қашағанды игеріп отырған шетелдік компаниялардан басқасының бәрі өндірген өнімін ішкі нарыққа өткізуге міндеттелген. Ал елде баға төмен болған соң, олар жарытып табыс таппайды. Салдарынан кей кәсіпорындардың техникалық базасы әбден тозып, банкротқа ұшыраудың алдында тұр, – деп түйіндеді сарапшы.
Экспорттық газды ішкі нарыққа бағыттауға тура келеді
Тағы бір мұнай және газ саласының сарапшысы Асқар Исмаиловтың айтуынша, елде газ тапшылығы артуда.
– Елдегі газ тапшылығы екі факторға байланысты. Біріншіден, 2022 жылы полипропилен өндіретін зауыт іске қосылды, ол 550 мың тоннаға дейін пропан тұтынады. Екіншіден, сұйытылған мұнай газын отын түрінде пайдаланатын автомобильдер өсуде. Олардың саны 600 мыңға жақындап қалды. Әрине, осыдан бірнеше жыл бұрын Қазақстан тұтынудың осыншама қарқынды өсуімен бетпе-бет келеді деп ойламадық. Менің ойымша, ішкі тұтынуды қамтамасыз ету үшін келесі жылы барлық экспорттық көлемді ішкі нарыққа бағыттауға тура келеді, – дейді маман.
Энергетика министрлігі газ қоры бойынша Қазақстан әлемде – 22, ТМД елдері арасында 3-орында екенін алға тартады. Осыған қарамастан, сарапшының сөзінше, алдағы уақытта мұнай өндірумен қатар газ өндірісі де төмендеуі мүмкін. Мұнай өндірісінің төмендеуіне байланысты мыңдаған жұмыс орны кемиді. Мұнай-газ химиясы жобаларын әуелі әлеуметтік, ал содан кейін ғана бизнес ретінде позициялау керек. Ал қазір елдегі кәсіпорындар екіншісін бірінші орынға қойып, технологиялардан бастап, жабдықтар, әрісі жобалау жұмыстарына дейін тек шетелдіктерді тартуда. Бұның бәрі өсім бермейді.
Бұл тұста Асқар Исмаилов көліктерді сұйытылған газдан табиғи газға ауыстыру жөніндегі үкіметтің бастамасына қатысты пікірін айтты.
– Біріншіден, бұл технология көптеген елдерде қолданылуда. Екіншіден, қысылған табиғи газдың жанармай құю станцияларын дамыту Қытай мен Орталық Азия тарапынан Қазақстан арқылы транзитті бірнеше есе арттырады. Бұл Қазақстан экономикасына оң әсерін тигізеді. Негізгі міндет – тауарлық газ көлемін арттыру. Не өндірісті ұлғайту, не көрші елдерден арзан газ сатып алу. Бұл мақсаттарға тиісті ведомстволар мен ұлттық газ операторы қалай қол жеткізетінін уақыт көрсетеді. Сондықтан табиғи газ өндіру өзекті күйде тұр, – деді сарапшы.
Шілдеден бастап сұйытылған мұнай газының бір тоннасының шекті көтерме бағасы 45 мың теңгені құрады. Бірақ мұнай-газ-химия кәсіпорындарына екі есе қымбат бағамен сатылады. Қазақстанда сұйытылған газ өндірісінің көлемі шамамен 3 млн тонна. Әзірге ішкі қажеттіліктерді өтеуге толық жетеді. Алайда қажеттілік артқан жағдайда, сұйытылған газды басқа елдерден сатып алу қымбатқа түспек. Сондықтан мұны ең соңғы нұсқа ретінде қарастырған дұрыс.
Қорытындылай келгенде, қай қырынан қарасақ та, Қазақстан газ бағасын өсіруге мәжбүр. Тек тұтынушы тарапқа қолайлы баға қою елдегі өндірісті ақырындап тежей бастауы мүмкін.