Қазақстанда ғылым қалашықтары құрылады 

Бұл туралы Caravan.kz медиа порталы baq.kz-ке сілтеме жасап хабарлайды.

Сенат депутаттары ғылым, ғылымды қажетсінетін аумақтар, әлеуметтік қамсыздандыру, білім беру, денсаулық сақтау және әскери қызмет мәселелеріне қатысты заңды екінші оқылымда мақұлдады.

Заң аясында ғылым қалашықтары мен ғылыми-технологиялық парктерді дамытуға арналған құқықтық негіз қалыптастырылады.

Сондай-ақ ғылыми ұйымдарға ортақ пайдаланылатын зертханаларға тең қолжетімділік беріледі. Бұл ғылыми инфрақұрылымды тиімді пайдалануға және зерттеу жұмыстарын жүргізу мүмкіндігін кеңейтуге жол ашады.

Бұдан бөлек, ғалымдарға әлеуметтік демалыстың жаңа түрі ұсынылады. Жоғары және (немесе) жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру ұйымдарында, сондай-ақ ғылыми ұйымдарда еңбек ететін жетекші ғалымдар үшін шығармашылық демалыс беру түріндегі қосымша қолдау шарасы енгізіледі.

Сонымен қатар ғылыми зерттеулерді қаржыландыру тәртібі жеңілдетіледі. Ғылыми ұйымдар бірнеше қаржыландыру көзінен, оның ішінде жер қойнауын пайдаланушылардың аударымдары есебінен бір мезгілде қаражат ала алады.

Заңда Ұлттық ғылым академиясын қаржыландыру көздері де нақты бекітіледі.

Ұлттық ғылым академиясының қызметі бюджет қаражаты, сондай-ақ Қазақстан Республикасының заңнамасында тыйым салынбаған өзге де қаржы көздері есебінен қаржыландырылатын болады.