Бұл туралы Caravan.kz медиа порталы baq.kz-ке сілтеме жасап хабарлайды.
«Бәйтерек» ұлттық басқарушы холдингі» АҚ басқарма төрағасы Рустам Қарағойшин Үкіметтегі брифингте ислам қаржы тетігі арқылы баспана алу мүмкіндігіне қатысты пікір білдірді.
Оның айтуынша, халық тарапынан ислам қаржы құралдары арқылы баспана алу жөнінде сұраныстар түсіп жатыр. Алайда нақты мерзім әзірге белгісіз.
Ислам қаржыландыруы арқылы тұрғын үй алу бойынша әртүрлі сұраныстар келіп түсіп жатыр. Халықтың белгілі бір бөлігі діни қағидаларды ұстанады, сондықтан бұл бағыт пысықталып жатыр. Қазір нақты қашан іске қосылатынын айта алмаймыз. Осы бағытта бірнеше халықаралық институтпен меморандумға қол қойдық. Қазіргі уақытта “Отбасы банкі” мұндай шешімді қандай тетіктер арқылы ұсына алатынын зерделеп жатырмыз, – деді Қарағойшин.
Журналистер ислам ипотекасының қашан іске қосылатынын нақтылауды сұрады.
Мерзімі туралы айта алмаймын. Тіпті мұндай өнім міндетті түрде ашылады деп нақты айту қиын. Себебі “Отбасы банкінің” жүйесі – жинақтаушы модельге негізделген. Ал ислам ипотекасы оның тетіктерінен сәл өзгеше, – деп жауап берді холдинг басшысы.
Еске сала кетейік, ислам ипотекасы дәстүрлі несиелеу жүйесінен айырмашылығы пайызсыз қаржыландыру қағидатына негізделеді.