Мұны Бас прокурор Берік Асылов Х әлеуметтік желісіндегі парақшасында жазды.
Бұл туралы Caravan.kz медиа порталы Stan.kz-ке сілтеме жасап хабарлайды.
Берік Асыловтың айтуынша, қазір жасалған қылмысқа әрекет ету жеткіліксіз. Негізгі міндет – қауіп-қатердің алдын алу, құқық бұзушылыққа себеп болатын факторларды жою және азаматтардың құқығын нақты қорғау.
“Осы мақсатта біз Қылмыстық қауіптер мен қоғамдық қауіпсіздік тәуекелдерін болжау орталығын құрдық. Бұл қылмыс салдарымен күресуден оны ерте кезеңде алдын алуға мүмкіндік беретін негізгі құралдардың бірі”, – деді Берік Асылов.
Орталық тәулік бойы қылмыстық ахуалды талдайды, ықтимал қауіптер мен осал аймақтарды анықтайды, Оған қоса тәуекелдерді болжап, олардың алдын алуға бағытталған нақты шараларды әзірлейді. Сонымен қатар шетелдік контентке мониторинг жүргізіліп, қылмыстық қауіптердің жаңа түрлері мен тәсілдерін анықтайды.
Бас прокурордың айтуынша, орталықтың талдауы өңірлерде нақты шешімдер қабылдауға негіз болып отыр.
“Ішкі істер министрлігі және өңір әкімдіктерімен бірлесіп, жасанды интеллект пен ұшқышсыз технологияларды пайдалану арқылы азаматтарға қатысты қылмыс жасау қаупі жоғары 360-тан астам ықтимал қауіпті орын анықталған. Бұл жерлерде патруль күшейтіліп, 4 мыңға жуық жаңа жарықтандыру нүктесі және 3,5 мыңнан астам бейнебақылау камерасы орнатылды”, – делінген жазбада.
Бірінші жартыжылдықтың қорытындысы бойынша елдегі қылмыс деңгейі 11%-ға төмендеген. Атап айтқанда, адам өлтіру, қарақшылық, тонау, бопсалау, ұрлық және көшедегі қылмыстар саны азайған.
“Есірткі қылмысына қарсы белсенді жұмыс жалғасып жатыр. "Кибернадзор" жүйесі есірткіні насихаттау белгілері бар 10 мың материалды, оның ішінде 6 мыңнан астам есірткі дүкенін бұғаттады. Прокуратура мен полиция органдарының тиімді өзара іс-қимылының нәтижесінде 464 мыңнан астам дропперлік шот бұғатталды. 2,6 миллиард теңгеден астам есірткіден түскен кіріске тыйым салынды. Соңғы жылдары алғаш рет интернет-алаяқтықтың өсу үрдісі тоқтап, оның саны 9%-ға төмендеді”, – деді Бас прокурор.
Құқық қорғау органдары мен "Қазақтелеком" АҚ бірлесіп, 1 миллионнан астам күдікті қоңырауды тоқтатқан. Сонымен қатар шетелдік 12 алаяқтық колл-орталықтың қызметі әшкереленіп, жолы кесілген.
Мысалы, елордада прокуратураның бастамасымен "Қазақтелеком" базасында құрылған Антиколл-орталық 76 жастағы әйелге алаяқтар қоңырау шалған сәтте олардың әрекетін тоқтатқан. Ол кезде әйел алаяқтарға 21 миллион теңге беруге дайындалып жатқан. Нәтижесінде ақшасын сақтап қалуға мүмкіндік болған.
“Бұл көрсеткіштердің артында нақты нәтиже тұр: азаматтардың өмірі, денсаулығы мен мүлкі қорғалды. Біздің мақсатымыз – қауіптің қылмысқа айналуын күтпей, оны алдын ала анықтау, себептерін жою және салдарының алдын алу. Бұл – Конституцияда бекітілген "Заң және тәртіп" қағидатын іс жүзінде жүзеге асыру. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев алдымызға осындай міндет қойып отыр”, – деп жазды Берік Асылов.