Қазақстанда некеге мәжбүрлеу үшін қылмыстық жауапкершілік енгізіледі

Қазақстан Республикасының Қылмыстық кодексіне 125-1-бап енгізілді. Бұл бап некеге мәжбүрлеу үшін қылмыстық жауапкершілікті қарастырады, деп хабарлайды Caravan.kz медиа порталы.

Аталған заңға Мемлекет басшысы 2025 жылғы 16 шілдеде қылмыстық заңнаманы оңтайландыру аясында қол қойды.

«Неке және отбасы туралы» кодекске сәйкес, мәжбүрлі түрде қиылған неке жарамсыз деп танылады.

Соңғы 5 жылда Қазақстанда осындай 257 қылмыстық іс тіркелген, оның 95%-ы тоқтатылған.

Жаңа нормаға сәйкес, қорқыту, шантаж, зорлық немесе өзге де қысым арқылы некеге мәжбүрлеу үшін 2 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылған. Егер бұл әрекет ауыр зардаптарға әкелсе – 10 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалады.

Сонымен қатар Қылмыстық кодекстің 125-бабына (адам ұрлау) өзгерістер енгізілді. Бұрын жәбірленушіні өз еркімен босатқан жағдайда іс тоқтатылуы мүмкін еді, енді бұл мүмкіндік алынып тасталды.

Енді әйелді некеге мәжбүрлеу мақсатында ұрлау ісі Қылмыстық кодекстің 125 және 125-1 баптары бойынша қатар қарастырылады.