Қазақстанда су ресурстарын басқарудың Бас жоспары әзірленеді

Бұл туралы Caravan.kz медиа порталы Zakon.kz-ке сілтеме жасап хабарлайды.

Министрдің айтуынша, ведомство мемлекеттік су шаруашылығы саясатының ұзақ мерзімді құжаттарын әзірлеуде. Бұл құжаттар аясында су балансы жаңартылып, елдің гидроэнергетикалық әлеуетіне баға беріледі.

"Бірінші кезеңде су ресурстарын қорғау және пайдалану жөніндегі бассейндік жоспарлар әзірленеді. Оларды 2026 жылдың соңына дейін аяқтау жоспарланып отыр. Екінші кезеңде су ресурстарын интеграцияланған басқарудың Бас жоспарын әзірлеу басталады, оны 2027 жылдың үшінші тоқсанында аяқтауды көздеп отырмыз. Болжамдық су балансы бекітілгенге дейін министрлік Энергетика министрлігімен және жеке инвесторлармен бірлесіп СЭС пен ГАЭС салу бойынша жұмыстар жүргізуде", – деді Нұржан Нұржігітов.

Оның айтуынша, биыл мемлекеттік-жекешелік әріптестік аясында Өгем өзенінде гидроэлектр станциялары каскады бар су құбырын салу жөніндегі инвестициялық жобаның жобалық құжаттамасын әзірлеу басталған.

"Жобаның жалпы құны 191,7 млрд теңгені құрайды. Жоба жыл сайын 110 млн текше метр ауыз су жеткізуді және 72 МВт/сағ көлемінде электр энергиясын өндіруді көздейді. Сонымен қатар, министрлік Шығыс Қазақстан облысы мен Жетісу облысында орналасқан Кіші Үлбі, Қалжыр, Көксу, Тентек, Лепсі өзендеріндегі жалпы қуаты 1000 МВт-тан асатын 5 гидроэлектр станциясын стратегиялық су шаруашылығы және гидротехникалық нысандар тізіміне енгізу туралы Үкімет қаулысының жобасын әзірледі. Бұдан бөлек, "Қазсушар" мемлекеттік кәсіпорны республикалық меншіктегі гидротехникалық құрылыстарда шағын ГЭС санын арттыру бойынша жұмыс жүргізуде. Қазіргі таңда қуаты 20 МВт/сағ болатын шағын гидроэнергетика орналастыру әлеуеті бар 29 гидротехникалық нысан іріктелді", – деп толықтырды министр.

Сондай-ақ ол қазіргі уақытта үш су қоймасы бойынша жобалық-сметалық құжаттама әзірленіп жатқанын айтты. Олар: Қарағанды облысындағы Самарқанд су қоймасы, Ақтөбе облысындағы Қарғалы су қоймасы және Шығыс Қазақстан облысындағы Қаракөл су қоймасы.