Қазақстанда такси қызметі өзгертіледі

Бұл туралы Caravan.kz медиа порталы baq.kz-ке сілтеме жасап хабарлайды.

Көлік министрі Марат Қарабаев заң жобасының негізгі бағыттарын түсіндіріп берді.

Заң жобасы өзін-өзі реттеуге тұрақты халықаралық, облысаралық, тұрақты емес автобус тасымалы, такси және оларды диспетчерлеуді, сондай-ақ депутаттар ұсынысымен автобекет қызметтерін ұйымдастыру функциясын беруді көздейді. Сонымен қатар заң жобасы – өзін-өзі реттеуді құру, оның мүшелерінің құқықтары мен міндеттері, мүшелік жарнаның мөлшері, өзін-өзі реттеу ұйымын тізілімге қосу немесе алып тастау тәртібі, сондай-ақ мүліктік жауаптылық мәселелерін регламенттейді, - деп айтты министр.

Қарабаевтың айтуынша, ведомство осы мәселе бойынша жұмысты 2020 жылы бастаған. Министрлік қажетті қоғамдық тыңдауларды өткізіп, тиісті талдауларды жүргізген және халықаралық тәжірибелерді зерделеген.

Заң жобасына қандай функция енгізіледі:

- тасымал процесін бақылауды мемлекеттік деңгейден өзін-өзі реттеудің ішкі ұйымдастырушылық деңгейіне ауыстыра отырып, осы нарықта қызмет көрсетушілердің жұмыс сапасын өз мүшесі ретінде бақылауға мүмкіндік береді;

- кәсіби әлсіз тасымалдаушыларды өздігінен тасымал нарығынан шығаратын адал бәсекелестікке негізделген одақта қызмет атқаруға жағдай жасайды;

- нарықтың негізгі талаптарын ескере отырып уәкілетті орган анықтаған басты бағыттарды дамытуға бейімделген сапалы стандарттар мен қағидаларды жедел қабылдауға мүмкіндік туындатады;

- саладағы бюрократия мен сыбайлас жемқорлық салдарын азайта келе, қоғамдық бақылау тетігін дамытуды қамтамасыз етеді.

2018 жылдан бастап елімізде міндетті мүшелікпен өзін-өзі реттеу «тәуелсіз бағалау» және «заң консультанттары» саласында енгізіліп, бүгінгі күні өз қызметін тиімді атқарып жатыр, - деді Марат Қарабаев.

Заң жобасы арқылы «Көлік туралы», «Автомобиль көлігі туралы», «Астананың мәртебесі туралы», «Рұқсаттар және хабарламалар туралы», «Кейбір заңнамалық актілерге әлеуметтік мәселелер бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заңдарға түзетулер мен толықтырулар енгізу көзделген.