Қазақстанда тамақ жеткізетін курьерлер кәсіби гигиеналық дайындықтан өтуге міндеттеледі

Енді курьерлерде медициналық тексеруден өткенін растайтын медициналық кітапша болуы тиіс, деп хабарлайды Caravan.kz медиа порталы.

Қазақстанда 2025 жылдың 1 қаңтарынан бастап тамақ жеткізу қызметіне қатысты жаңа талаптар енгізілді. Тұтынушылардың тапсырысы бойынша қоғамдық тамақтандыру өнімдерін жеткізу енді қатаң бақылауға алынады. "Жалпы талаптар" стандартына сәйкес, курьерлерде медициналық тексеруден өткені туралы белгісі бар жеке медициналық кітапша болуы міндетті. Сонымен қатар, олар кәсіби гигиеналық дайындықтан өтуі және жалпы қабылданған мінез-құлық нормаларын сақтауы тиіс.

Бұл стандарт тұтынушылардың құқықтарын қорғау және тамақ жеткізу қызметінің сапасын арттыру мақсатында қабылданды. Тұтынушыларға жеткізілетін өнімнің қауіпсіздігі мен сыртқы зақымдануын тексеру мүмкіндігі беріледі. Жаңа талаптар мейрамханалар, кафелер, логистикалық компаниялар және курьерлердің қызмет сапасын жақсартуға бағытталған. 

Жаңа ережелердің толық мәтінімен ҚР СИМ Техникалық реттеу және метрология комитетінің ресми сайтында танысуға болады.

Бұдан бөлек, қоғамдық тамақтану өнімдерін тасымалдау барысында қаптаманың зақымданбағанын анықтау үшін өнімді тексеру мүмкіндігі беріледі.

Айта кетейік, еліміздегі курьерлер саны туралы нақты статистика жоқ. Дегенмен, 2024 жылдың тамыз айындағы мәлімет бойынша, Алматыда күн сайын қала бойынша 12-ден 20 мыңға дейін курьер жұмыс істейді. Бұл ретте ресми статистика тек пошта және курьерлік ретінде тіркелген кәсіпорындардың деректерін жинаған. Курьерлерді пайдаланатын, бірақ есеп беру үшін басқа қызмет түрін қолданатын онлайн платформалар статистикада ескерілмейді. Мысалы, "курьерлік қызметтер" тіркесінің орнына "тауарлармен қамтамасыз ету қызметтерін ұсыну"деп жазуға болады.

2024 жылдың қаңтар-ақпан айларының қорытындысы бойынша Қазақстанда пошта және курьерлік қызмет көрсету көлемі 12,4 млрд теңгені құрады.