Қазақстанда тегін берілетін мыңдаған дәрі-дәрмек қайта сатылған

Caravan.kz медиа порталының тілшісі жалғастырады.

Денсаулық сақтау министрлігі дәрілік заттарды цифрлық таңбалау жүйесі арқылы тегін берілетін дәрілердің дәріханаларда қайта сатылған 25 мыңнан астам жағдайын анықтағанын хабарлады.

Ведомствоның мәліметінше, цифрлық таңбалау жүйесі екі жыл ішінде дәрілік заттардың айналым көлемін алғаш рет нақты бағалауға мүмкіндік берген.

«Бүгінгі таңда шамамен 1 миллиард дәрілік препарат таңбаланды. Оның ішінде 604 миллионға жуығы импорттық дәрілік заттар, ал 400 миллионы отандық өндірушілердің өнімдері», - делінген министрліктің ресми Telegram-арнасында.

Сонымен қатар 457 миллионнан астам қаптама айналымнан шығарылып, түпкі тұтынушыларға өткізілді. Таңбалау жүйесін енгізудің ең маңызды нәтижелерінің бірі – күмәнді операцияларды автоматты түрде анықтау болды.

«Жүйе тегін дәрілік препараттардың дәріханаларда қайта сатылған 25 мыңнан астам жағдайын тіркеді», – делінген министрліктің ресми Telegram-арнасында.

Министрлік бұған дейін мұндай заң бұзушылықтар, яғни бұрын сатылған дәрілерді қайта өткізу, қаптамаларды ауыстыру немесе жарамдылық мерзімін заңсыз өзгерту фактілері негізінен тексерулер кезінде ғана анықталғанын атап өтті.

«Қазір таңбалау жүйесі мұндай жағдайларды автоматты түрде тіркеп, тиісті әрекет ету үшін ақпаратты уәкілетті мемлекеттік органдарға жедел жолдайды. Нәтижесінде Денсаулық сақтау министрлігі еліміздің фармацевтикалық нарығын үздіксіз онлайн режимде бақылауға мүмкіндік беретін тиімді құралға ие болды. Сондай-ақ реттеуші орган дәрілік заттар айналымына қатысушылардың саны туралы өзекті ақпаратқа қол жеткізе алады», – делінген хабарламада.

Жүйе сараптамалық бағалауларға сүйенбей-ақ импорт пен отандық өндірістің нақты көлемін көруге, әрбір дәрі қаптамасының қозғалысын бақылауға және азаматтардан шағым түспей тұрып-ақ күмәнді немесе тәуекелі жоғары операцияларды автоматты түрде анықтауға мүмкіндік береді.

Әрбір дәрі қаптамасында арнайы цифрлық код болады. Бұл контрафактілік өнімдерді өндіру мен заңсыз айналымға енгізуді технологиялық тұрғыдан едәуір қиындатады.

«Тіркелмеген дәрілік препаратты немесе жалған өнімді айналымға енгізудің кез келген әрекеті жүйеде оны алғаш рет сату әрекеті кезінде-ақ тіркеледі», – деп мәлімдеді министрлік.

Ведомствоның пікірінше, дәрілік заттарды цифрлық таңбалау Қазақстанның денсаулық сақтау жүйесін цифрлық трансформациялаудың негізгі элементтерінің біріне айналды.

Оның арқасында фармацевтикалық нарықтың ашықтығы қамтамасыз етіліп, пациенттердің қауіпсіздігі артып, қазақстандықтарды дәрілік заттармен қамтамасыз ету сапасын бақылау күшейтілді.

Айта кетейік, сәуір айында қазақстандық бұқаралық ақпарат құралдарында елімізде дәріханалар мен медициналық қызметтер үшін берілетін кассалық чектерде пациенттің ЖСН-і көрсетілетіні туралы ақпарат тараған болатын. Мұндай талапты көздейтін түзетулерді Қаржы министрлігі әзірлеген.

Алайда түзетулер жобасы «Ашық НҚА» порталында жарияланғаннан кейін (құжаттың толық мәтіні жарияланбаған), көптеген қазақстандықтар дәріханадан дәрі сатып алу үшін енді міндетті түрде пациенттің ЖСН-ін көрсету қажет деп түсінген.

Осыған байланысты Мемлекеттік кірістер комитеті түсініктеме беріп, ұсынылып отырған норманың дәріханаларға қатысы жоқ екенін мәлімдеді.