"Қазақстанда ұшақ билеті Еуропамен бірдей". Депутаттар Air Astana-ға шүйлікті

Бұл туралы Caravan.kz медиа порталы baq.kz-ке сілтеме жасап хабарлайды.

Мәжіліс депутаты Абзал Құспан ұшақтар үнемі кешігетінін алға тартты.

Air Astana-ға халықтың наразылығы өте жоғары. Біріншіден, Air Astana мен Qazaq Air бір компания екенін бәріміз білеміз. Бұл компаниялар нарықта басымдыққа ие екенін де білеміз. Air Astana-ны монополиялық жағдайына байланысты осы кезге дейін сапалы әуе қызметін пайдалана алмай отырмыз. Тұтынушылардың құқығы бұзылады, кешігеді, рейстерін тоқтатып тастайды. Бірақ бұлар үшін бұл компанияға ешқандай жауапкершілік жоқ. Air Astana-ның монополиялық жағдайын қашан шешеміз? - деп сұрады ол.

Көлік министрі Марат Қарабаев әлемдік тәжірибені мысалға келтірді.

Менің сөзіме сынмен қарайтын шығарсыз. Мысалы, Air Astana кешігеді деп айтып жатырсыздар. Бізде соңғы 10 айдың ішінде 76 мың рет ұшақ ұшты. Жалпы әлемде ұшу тұрақтылығы деген болады. Соның 23 пайызы кешікті, 77 пайызы уақытылы ұшты. Дәл осындай индикатор басқа елдерде де бар. Мысалы, АҚШ, Еуропада 76-77%. Биыл кешіккен жағдайлар болғанын толық мойындаймыз. Оның себебін бірнеше рет түсіндірдік. Биыл ешқашан болмаған бірнеше әуежайда ұшу-қону алаңын жөндедік. Астана әуежайының өзінде де ұшу-қону алаңын жөндеуден өткіздік. Ол түнде 8 сағат жұмыс істемеді. Мысалы, бір сағатта 8-10 ұшақ ұшатын болса, олардың саны 20 ұшаққа, тіпті 30 ұшаққа дейін жетті. Алматының, Шымкенттің әуежайында жөндеу болды. Әрине, мұның бәрі әсер етті, - дейді министр Мәжілісте.

Қарабаевтың айтуынша, биыл жазда бірден 10 ұшақ айналымнан шығып қалған.

Ұшақ билеті бағасының 60-70%-ы әлемде бірдей. Ұшақ билеті неден тұрады? Ол ұшақты жалға алу, оны күтіп ұстау, жанар-жағармай. Бұл бүкіл әлемде бірдей. Ал енді арақашықтықты есептеңіздер. Мысалы, Астанадан Алматыға 1000 шақырым ұшады. Біздегі бағалар Еуропадағы мың шақырымдық бағамен теңдей. Кей жерде тіпті арзан. Ал бірақ Еуропа елдерінде бәсеке бұдан да жоғары. Бағаның басқа жағын да түсінемін. Бірақ бұлардың шығындары бірдей 60-70% ғой. Сондықтан бағаларын арақашықтықпен есептесеңіздер, Еуропа елдеріндегі бағамен тең немесе тіпті тең болады, - деп түсіндірді Көлік министрі.