Қазақстанда жүргізушісіз такси іске қосылады: Қай қалаларда және қашан?

Бұл туралы Caravan.kz медиа порталы baq.kz-ке сілтеме жасап хабарлайды.

Министрліктің сөзінше, бағдарлама пилоттық жобаға қатысатын барлық тараптардың рөлдері, функциялары мен жауапкершілік аймақтарын айқындайды. Сонымен қатар жүргізушісіз көліктерді пайдалануға қажетті инфрақұрылымды бейімдеу шаралары қарастырылған.

Инфрақұрылымдық қамтамасыз ету бөлігінде көшелік-жол желісін бейімдеу бойынша іс-шаралар көзделген. Атап айтқанда, қосымша жол таңбасын салу, жол белгілерін орнату, жолаушыларды отырғызу және түсіруге арналған мамандандырылған аймақтарды ұйымдастыру қарастырылған, – деп түсіндірді ведомство.

Ведомствоның мәліметінше, инфрақұрылымды дайындау бойынша негізгі жұмыстарды іске асыру 2026 жылдың бірінші тоқсанына жоспарланған. Бұл жұмыстар қолданыстағы қала құрылысы және көлік жоспарларын ескере отырып, Астана және Алматы қалаларының әкімдіктерімен бірлесіп жүргізіледі.

Жүргізушісіз автокөліктерді қалалық ортаға шығаруға дейін бірқатар кезеңдік рәсімдерден өту көзделген.

Алдымен көлік құралдары арнайы сынақ полигонында тестіленеді. Бұдан кейін жол инфрақұрылымы, оның ішінде жол таңбалары, жол белгілері, бағдаршам нысандары мен цифрлық картография дайындалып, қауіпсіздік талаптарына сәйкестігі тексеріледі. Сондай-ақ жол жағдайларындағы тәуекелдер бағаланады, – делінген редакцияға берілген жауапта.

Министрлік жобаны іске асыру кезең-кезеңімен жүргізілетінін нақтылады. Алғашқы кезеңде технологиялық шешімдер мен пайдалану сценарийлері сынақ полигонында пысықталады. Тек содан кейін ғана жүргізушісіз автокөлік құралдары Астана және Алматы қалаларының қалалық ортасында алдын ала келісілген маршруттар бойынша, тұрақты бақылау мен мониторинг жағдайында пайдалануға жіберіледі.

Жобаның басым міндеті – жүргізушісіз таксиді енгізу кезінде қауіпсіздіктің жоғары деңгейін қамтамасыз ету, заңнама талаптарын сақтау және азаматтар тарапынан сенім қалыптастыру, – деп атап өтті министрлік.

Пилоттық жоба аясында жартылай және жоғары деңгейде автоматтандырылған автокөлік құралдарын пайдалану жоспарланып отыр. Бұл көліктер әлемнің ірі қалаларында коммерциялық және сынақтық режимде қолданылып, қауіпсіздігі расталған.

Жүргізушісіз көліктерді пайдалану және оларды интеграциялау inDrive және Яндекс компаниялары арқылы жүзеге асырылады. Сонымен қатар белгіленген талаптар мен рұқсат беру рәсімдеріне сәйкес келетін өзге де компаниялар пилоттық жобаға қатыса алады.

Қандай елдердің тәжірибесі негізге алынған?

Министрлік пилоттық жобаны даярлау барысында АҚШ, Қытай және Ресейдің халықаралық тәжірибесі талданғанын хабарлады. Нормативтік-техникалық база ретінде көлік құралдарын автоматтандыру деңгейлерін жіктейтін ISO/SAE 22736 халықаралық стандарты қолданылатын болады.

Апат болса, кім жауап береді?

Жауапкершілік мәселелері қолданыстағы заңнамаға сәйкес реттеледі. Жол-көлік оқиғалары болған жағдайда жауапкершілік қатысушылардың функциялары мен рөлдеріне қарай бөлінеді және міндетті әрі қосымша сақтандыру тетіктерімен қамтамасыз етіледі.

Бағасы қандай болады?

Ал тарифтерді қалыптастыруды сервис операторлары нарықтық жағдайларды ескере отырып өз бетінше жүзеге асырады. Түпкілікті шешімдер пилоттық жобаның нәтижелері негізінде қабылданады.

Пилоттық жобаны іске асыру мерзімі 3 жыл деп жоспарланған. Толық ауқымды іске қосу мәселесі пилоттың практикалық қорытындылары мен инфрақұрылымдық және реттеушілік шарттарды пысықтау нәтижелеріне қарай жеке қаралатын болады.