Бұл туралы Caravan.kz медиа порталы Tengrinews.kz-ке сілтеме жасап хабарлайды.
Жаңа әдістеме халықаралық тәжірибені ескере отырып әзірленген және Қазақстан статистикасын өзге елдердің деректерімен салыстыруға мүмкіндік береді. Негізгі көрсеткіш ретінде халықтың жан басына шаққандағы медиандық табысы алынады.
Әдістемеге сәйкес, кедейлік көрсеткіштері тоқсан сайын және жыл сайын есептеледі. Деректер ел және өңірлер бойынша, сондай-ақ тұрғылықты жер түрі, жынысы, жасы және үй шаруашылығының көлемі тұрғысынан жарияланады. Тоқсандық мәліметтер маусымдық түзетусіз ұсынылады.
Кедейлік деңгейі медиандық табысқа қатысты салыстырмалы көрсеткіштер арқылы анықталады. Атап айтқанда, халықтың кедейлік үлесі медиандық табыстың 50 пайызы (ТДМ 10.2.1 көрсеткіші) және 60 пайызы деңгейінде есептелмек. Алдымен халық табысына қарай реттеліп, содан кейін медиандық табыс анықталады.
Сонымен қатар, әдістемеде субъективті кедейлік ұғымы енгізілді. Бұл – азаматтардың өз материалдық жағдайын және негізгі қажеттіліктерін өтеуге табысының жеткіліктілігін бағалауы. Мұндай деректер "Халықтың өмір сапасы" сауалнамасы арқылы жиналады.
Бұдан бөлек, көпөлшемді кедейлік индексі де есептелетін болады. Онда тек табыс қана емес, өмір сүру жағдайлары, әсіресе балалардың тұрмысы ескеріледі. Бағалау барысында білім мен медицинаның қолжетімділігі мен сапасы, тұрғын үй жағдайы, тамақ пен киім, бос уақыт мүмкіндіктері, мектептегі іс-шараларға қатысу, кітаптар мен дамытушы ойындардың болуы, отбасылық демалыс, сондай-ақ міндетті төлемдерді төлеу, негізгі жиһазды ауыстыру және көлікті пайдалану мүмкіндігі назарға алынады.