Қазақстандағы тыйым салынған қытай тауық еті: жауапты мекемелер не дейді

Caravan.kz редакциясы бұл мәселе бойынша екі бірдей мемлекеттік органнан — Ауыл шаруашылығы министрлігінің Ветеринариялық бақылау комитеті мен Денсаулық сақтау министрлігінің Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау комитетінен жауап алды. Екі жауапты біріктіріп қарасақ, қызық әрі қайшылыққа толы көрініс шығады: нарықта қытай тауық еті бар, оны әкелуге ресми түрде тыйым салынған, бірақ «ресми түрде» ол Қазақстанға мүлде кірмеген болып шығады.

Еске сала кетейік, Caravan.kz бұған дейін Қазақстанда он жылдан астам уақыттан бері Қытайдан құс еті мен құс шаруашылығы өнімдерін әкелуге тыйым салынғанына қарамастан, онлайн алаңдарда мұздатылған қытай тауық еті еркін сатылып жатқанын жазған болатын. Жарнамалардағы фотоларға қарағанда, қаптамада сақтау шарттары, жарамдылық мерзімі, импорттаушы туралы мәліметтер жоқ. Оның орнына «Halal» деген жазу бар. Алайда ол қауіпті вирустар мен бактериялардан қорғамайтыны анық.

Бұл жағдай Қытайда құс тұмауының мутацияланған түрі таралып жатқан кезеңде ерекше алаңдаушылық туғызады. Ауру бірнеше провинцияны қамтыған, олардың қатарында қаптамада көрсетілген Шаньдун провинциясы да бар. Осыған байланысты редакция мемлекеттік органдарға ресми сауал жолдаған еді. Жуырда жауаптар келіп түсті. Мемлекеттік органдар тауық етінің заңсыз әкелінгенін мойындайды, бірақ тыйым салынған өнімнің нарыққа қалай тап болғанын нақты түсіндіре алмай отыр.

Қытай шекарасында — бір де бір қауырсын жоқ

Ветеринариялық бақылау комитеті өз жауабында Қытайдан құс еті мен құс өнімдерін Қазақстанға әкелуге ресми түрде тыйым салынғанын растады. Бұған себеп — Дүниежүзілік жануарлар денсаулығы ұйымы растаған қолайсыз эпизоотиялық жағдай. Комитеттің айтуынша, бұл тыйым сыртқы экономикалық қызметке қатысатын барлық тарап үшін міндетті және тұрақты бақылауда.

Хатта мемлекеттік шекарада ветеринариялық бақылау күшейтілгені, кеден және шекара қызметтерімен өзара іс-қимыл жолға қойылғаны айтылған. Егер заңбұзушылық анықталса, өнім тәркіленіп, елге кіргізілмейді. Ал егер мұндай тауық еті нарықта сатылып жатса, демек ол Қазақстанға заңсыз жолмен кірген.

Комитет өкілдері:

«Ішкі нарықта ветеринариялық ілеспе құжаттары жоқ, міндетті таңбалаусыз, шығу тегі расталмаған жануар тектес өнімдердің болуы — оның заңсыз әкелінгенін, көлеңкелі айналым немесе өнімнің шыққан елін әдейі ауыстырып көрсету фактілерін көрсетуі мүмкін», — деп жазады.

Алайда жауаптың келесі бөлігі көп нәрсені түсіндіретіндей. Комитет мәліметінше, 2025 жылы Қытаймен шекарадағы өткізу бекеттерінде құс етін заңсыз әкелу фактілері тіркелмеген. Бірде-бір әкімшілік не қылмыстық іс қозғалмаған. Қытаймен шекарада сегіз ветеринариялық бақылау бекеті жұмыс істейді және олардың ешқайсысында құс өнімдерінің әкелінуі анықталмаған.

Мәселе мынада: комитет тек Қытаймен шекара туралы сенімді түрде айтып отыр. Ал басқа елдер арқылы өтетін транзит, балама бағыттар жөнінде жауапта бір ауыз сөз жоқ. Яғни бұл «бақытты тауық» Қазақстанға Қырғызстан, Өзбекстан немесе Ресей арқылы кіріп келуі де мүмкін. Қалай келгені — әлі жұмбақ.

Алдымен адам жейді, кейін мемлекет тексереді

Ал санитариялық-эпидемиологиялық бақылау комитеті не дейді? Бұл орган жауапкершілікті шекарадағы ветеринариялық қызметке сілтейді. Олардың айтуынша, ет өнімдерін шекарада тексеру — олардың құзыретіне кірмейді. Санитариялық қызмет өнім дүкен сөресіне немесе мұздатқышқа түскен соң ғана іске кіріседі.

Яғни алдымен адам тауық етін сатып алады, ал кейін мамандар оның не болғанын анықтай бастайды.

«Азық-түлік өнімдерінің қауіпсіздігін бақылау Комитет тарапынан бақылау сатып алуы арқылы, яғни өнімді сату сатысында үлгілерді сатып алып, техникалық регламенттер талаптарына сәйкестігін зертханалық тексеру жолымен жүзеге асырылады», — делінген ресми жауапта.

Комитет енді қытайлық құс өнімдеріне қатысты осындай бақылау сатып алу жүргізілетінін хабарлаған. Егер талаптарға сай келмейтін жағдай анықталса, өнім айналымнан алынады немесе кері қайтарылады. Бұл тексерістер тек журналистік сауалдан кейін басталмақ па деген сұрақ туындайды. Бұған дейін қытай тауық етіне ешкім назар аудармағаны ма?

Ең таңғаларлығы — санитариялық қызметтің жауабында құс тұмауы, вирустар немесе адамға жұғу қаупі туралы бір ауыз сөз жоқ. Ал тұтынушыларды алаңдатып отырған негізгі мәселе дәл осы еді. Санитариялық-эпидемиологиялық қауіпсіздікке жауапты орган эпидемиология тақырыбын айналып өткен сияқты.

Күдікті тауыққа тап болсаңыз, не істеу керек?

Жауаптарға қарағанда, мемлекеттік бақылау нарықта бірден жұмыс істей бермейді. Сондықтан тұтынушы өз қауіпсіздігіне өзі жауапты.

Екі комитет те ет өнімдерін тек барлық рұқсат құжаттары бар сатушылардан сатып алуға кеңес береді. Қаптамада өндіруші, импорттаушы, жарамдылық мерзімі мен сақтау шарттары нақты көрсетілуі тиіс. Егер бұл мәліметтер жоқ немесе оқылмайтын болса — ондай өнімнен бас тартқан дұрыс. Ал күдікті тауық етіне немесе басқа да өнімге тап болсаңыз, тиісті мемлекеттік органдарға дереу хабарлау қажет.

Қорыта айтқанда, дастарханға қойылатын тағамның қауіпсіздігі — ең алдымен тұтынушының қырағылығына байланысты. Ал Caravan.kz редакциясы бұл тақырыпты бақылауда ұстап, мемлекеттік органдар бақылау сатып алуларының нәтижесін жариялаған соң, тақырыпқа қайта оралатын болады.