Бұл туралы Caravan.kz медиа порталы sputnik.kz-ке сілтеме жасап хабарлайды.
Ж. Жиембаев атындағы Қазақ өсімдіктерді қорғау және карантин ғылыми-зерттеу институтының ғалымдары ұшқышсыз ұшу аппараттарының көмегімен егістікті қорғау технологиясын әзірледі, деп хабарлады ауыл шаруашылығы министрлігі.
Қазақстандық ғалымдар дрондардың көмегімен егістікті қорғау технологиясын әзірледі
© Министерство сельского хозяйства Казахстана
"BioDrop деп аталатын бұл технология жұмыс жүргізу уақытын 4–6 есеге қысқартуға және ауыл шаруашылығы дақылдарын қорғаудың биологиялық тиімділігін арттыруға мүмкіндік береді. Кешен құрамына биоыдырайтын BioDrop сфералық капсулалары, оларды таратуға арналған арнайы құрылғы және ұшқышсыз ұшу аппараты кіреді", - деп жазылған хабарламада.
Капсулалардың ішіне ауыл шаруашылығы зиянкестерінің табиғи жаулары саналатын энтомофагтардың биологиялық материалы орналастырылады. Ұшқышсыз ұшу аппаратына тиелген капсулалар алдын ала белгіленген бағыт бойынша егістік алқабына автоматты түрде таратылады.
Қазақстандық ғалымдар дрондардың көмегімен егістікті қорғау технологиясын әзірледі
© Министерство сельского хозяйства Казахстана
"Капсулалар егістік бетіне түскеннен кейін олардың ішінен энтомофагтар біртіндеп босап шығып, зиянкестерді іздеп, жоя бастайды. Капсулалардың сфералық пішіні мөлшерлеу механизмінің ерекшеліктері және олардың құрамындағы биологиялық материалдың өміршеңдігін сақтау қажеттілігі ескеріле отырып дайындалған", - дейді министрлікте.
Мамандардың айтуынша, жұмыстарды жүргізуге жұмсалатын уақыт айтарлықтай қысқарады. Қолмен тарату кезінде зерттелген учаскедегі жұмыстарға 1–1,5 сағат жұмсалса, ұшқышсыз ұшу аппаратын пайдалану кезінде жабдықты дайындауды қоса алғанда, дәл осындай жұмыс көлемі 10–15 минутта орындалған.
Қазақстандық ғалымдар дрондардың көмегімен егістікті қорғау технологиясын әзірледі
© Министерство сельского хозяйства Казахстана
Қазіргі уақытта технология төрт шаруашылықта енгізіліп, қолданылып келеді. Болашақта бұл технологияны дәлме-дәл егіншілік жүйелерінде, сондай-ақ фитосанитариялық мониторинг технологияларымен қатар қолдануға болады.