Қазақстандық селлерлер нарықтан неге кетіп жатыр?

Бүгінде бұл саланың көлемі 3,2 трлн теңгеге жеткен. Сонымен қатар 740 мың жұмыс орнын қамтамасыз етіп отыр. Алайда кәсіпкерлердің айтуынша, қазір сала бұрын-соңды болмаған қысымға тап болған. Caravan.kz медиа порталының тілшісіне жүгінген кәсіпкер мәселенің мән-жайын баяндап берді. 

Respublica партиясы фракциясының отырысында депутат Айтуар Қошмамбетов маркетплейстер арқылы сауда жасайтын кәсіпкерлердің мәселесін көтеріп, қазіргі қабылданып жатқан шешімдер көлеңкелі бизнесті емес, керісінше заң аясында жұмыс істеп жүрген кәсіпкерлерді тығырыққа тіреп жатқанын мәлімдеді.

Қос ҚҚС және бәсекеге қабілеттіліктің төмендеуі

Депутаттың айтуынша, қосылған құн салығының қосарланып алынуы салдарынан қазақстандық тауарлар Ресей нарығында 22-38 пайызға қымбаттап кеткен. Бұл өз кезегінде отандық кәсіпкерлердің бәсекеге қабілеттілігін төмендетіп отыр.

Сонымен қатар 1 шілдеден бастап іске қосылуы тиіс заңды импорт жүйесі де толық дайын емес. Әсіресе шағын кәсіпкерлер үшін қиындық көп. Өйткені олар кедендік брокер қызметін жалдауға қауқарсыз.

Кәсіпкерлер тағы бір мәселе ретінде NTIN жүйесінің (ұлттық тауарлар каталогы) жұмысын атап өтті. Олардың сөзінше, жүйеде тауар карточкалары қайталанып шығады, ал маркетплейстермен толық интеграция әлі жоқ.

Қазақстандық селлерлерге жеңілдік аз, шетелдік бәсекелестерге көбірек

Отырыс барысында маркетплейстердің сауда саясаты да сынға алынды.

Мәліметке сәйкес, кейбір платформалар қазақстандық сатушыларға небәрі 0-5 пайыз көлемінде ғана жеңілдік берсе, Ресейден келген сатушыларға 25-30 пайызға дейінгі жеңілдіктер қарастырылған.

Нәтижесінде отандық кәсіпкерлер өз елінің нарығында шетелдік сатушылармен тең дәрежеде бәсекелесе алмай отыр.

«Айналымымыз он есе қысқарды»

Селлерлер қауымдастығының негізін қалаушы Артем Бухонин кәсіпкерлер арасында жүргізілген сауалнаманың нәтижелерін жариялады.

Оның айтуынша, көптеген кәсіпкерлер айналымның күрт төмендеуіне тап болған. Кейбір жағдайда ай сайынғы табыс көлемі 10 миллион теңгеден 1 миллион теңгеге дейін қысқарған.

Салдарынан қызметкерлерді қысқарту, бизнесті жабу жағдайлары жиілеген. Кәсіпкерлердің бірі қазіргі жағдайды былай сипаттады:

«Селлерлардың жанайқайын тыңдаса екен дейміз. Егер қазіргі салық режимі сақталатын болса, біз тек бизнестен ғана емес, командамыздан да айырылып қаламыз. Біздің қызметкерлеріміздің арасында несие төлеп жүрген, ипотекасы бар адамдар көп. Олардың бір күн жұмыссыз қалуының өзі үлкен қиындыққа әкеледі».

Кәсіпкерлер қандай өзгеріс күтеді?

Селлерлердің пікірінше, маркетплейстер арқылы сауда жасайтын шағын және орта бизнес үшін қолайлы жағдай жасау қажет.

Олар арнайы салық режимі бойынша шегерімді қайтаруды, маркетплейстер үшін ҚҚС мөлшерлемесін 5 пайыз деңгейінде белгілеуді сұрайды.

«Балаларын асырап отырған көптеген шағын селлерлер бизнесін жабуға мәжбүр болды. Көптеген кәсіпкерлер банкротқа ұшырады. Бұл мемлекетке жүздеген миллиард теңге түсіріп отырған ең ашық әрі бақылауға болатын бизнестің бірі», – дейді кәсіпкерлер.

Қандай шешімдер ұсынылды

Фракция бірнеше жүйелі ұсыныс әзірлеген. Олардың қатарында:

– қос ҚҚС мәселесін жою;

– NTIN жүйесіне мораторий жариялау;

– маркетплейстердегі сатушыларды кемсітуге тыйым салу;

– кәсіпкерлерді айналымнан емес, таза пайдадан салық төлеу жүйесіне көшіру;

– салмағы 50 келіге дейінгі тауарларды брокерсіз әкелуге мүмкіндік беретін микроимпорт механизмін қайтару.

90 мың жұмыс орны жоғалуы мүмкін

Respublica фракциясының есебіне сәйкес, егер алдағы алты ай ішінде нақты шаралар қабылданбаса, 2030 жылға қарай әлеуеті 7,7 трлн теңгеге жетуі тиіс электронды сауда нарығы 1,5 трлн теңгеге дейін қысқаруы мүмкін.

Бұл жағдайда шамамен 90 мың адам жұмысынан айырылуы ықтимал.

Сарапшылардың айтуынша, маркетплейстер тек сауда платформасы емес. Олар мыңдаған адамның кәсіп бастауына мүмкіндік беретін экожүйеге айналды. Бұл сала мемлекеттік бюджетке салық түсіреді, жаңа бизнес жобалардың пайда болуына ықпал етеді және миллиондаған қазақстандықтың табыс табуына жағдай жасайды.

Қазіргі геосаяси жағдайда Қазақстан үшін бұл бағыттың маңызы арта түскен. Ресейге қарсы санкциялар жалғасып жатқан кезде, Қазақстанның Қытаймен шекаралас болуы мен қолайлы географиялық орналасуы жаңа сауда бағыттарын дамытуға мүмкіндік береді.

Сондықтан кәсіпкерлер мемлекеттен жаңа шектеулер емес, керісінше өсімге жағдай жасайтын экономикалық саясат күтетіндерін айтады.

Біздің редакцияға хабарласқан қаржылық кеңесші Есбол Мұстажаповтың айтуынша, қазіргі уақытта e-com саласы бойынша арнайы қауымдастық құрылып жатыр. Оның сөзінше, басты мақсат – кәсіпкерлердің санын барынша көбейту және ресми түрде толық құжаттандырылған құрылым қалыптастыру.

«Қазір барлық ресми құжаттар дайындалып жатыр. Ендігі кезекте кемінде 1000 кәсіпкерді біріктіру. Келесі отырысқа дейін осы көрсеткішке қол жеткізу керек. Заңды түрде біз тек қауымдастық арқылы ғана Үкіметпен тікелей диалогқа шыға аламыз. Сондықтан барынша қолдау көрсетулеріңізді сұраймыз», – дейді ол.