Қазақстандықтар енді Сауд Арабиясына аптасына 70 рет ұша алады

Бұл туралы Caravan.kz медиа порталы көлік министрлігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап хабарлайды.

Құжатқа қол қою азаматтық авиация саласындағы қолданыстағы нормативтік-құқықтық базаны нығайтып, екі ел арасындағы тұрақты әуе қатынасын одан әрі дамытуға қосымша мүмкіндіктер ашты.

Қол қою рәсіміне Қазақстан Республикасы Көлік вице-министрі Талғат Ластаев және Сауд Арабиясы Корольдігінің Азаматтық авиация бас басқармасының президентінің міндетін атқарушы Сулейман бин Ахмед Альбассам қатысты.

Аталған келісім сауда-экономикалық және іскерлік байланыстарды одан әрі дамытуға, инвестициялар тартуға, сондай-ақ туристік және мәдени ынтымақтастықты нығайтуға ықпал етеді.

Қол жеткізілген уағдаластықтар аясында тараптар тұрақты рейстердің рұқсат етілген санын аптасына 28 рейстен 70 рейске дейін ұлғайтты.

Қол жеткізілген уағдаластықтар негізінде әуе тасымалдаушылары Астана мен Эр-Рияд арасында тікелей тұрақты рейстер ашуды, сондай-ақ Сауд Арабиясының басқа қалаларына орындалатын бағыттардың санын арттыруды жоспарлап отыр.