Қазақстандықтар коммуналдық қызметтердің қымбаттауына наразылық білдіруде (Видео)

Әлеуметтік желілерде Алматы тұрғындары коммуналды төлем едәуір қымбаттап кеткеніне наразы. Әсіресе ыстық су мен жылу құны шарықтап тұр. Ал Алматы әкімі Ерболат Досаев қымбатшылық үнемдеуге үйретеді деп жауап берді, деп хабарлайды Caravan.kz медиа порталы Ozgeris.info порталына сілтеме жасап.

Коммуналдық қызметтерге келген төлемдер осы айда тым қымбаттап кеткен.

«Ақпан айына түбіртек келді. Менің отбасымда төрт қана адам бар. Ал коммуналды қызметтерге 76 896 теңге келді. Сөзім жоқ, не деген ақылға қонымсыз сома. Бұл қалай болғаны? Ең көбі мен 30 мың төлегенмін. Ал мынау не? Неге барлығы қымбаттап кетті? Суға келген тарифке қарап, мен бір ай бойы баня жағып, судан шықпаған сияқты сезім туындап отыр», — деді Алматы тұрғыны.

Желі қолданушылары қымбатшылық туындағанын жазып жатыр.

«Есептеуіш құралсыз адам басына суға 3090 теңге төленеді екен. Бұл туралы Алматы Су айтты. Менің жалақым 120 000 теңге, а коммуналдық қызметтерге 100 000 теңге төлеуге мәжбүрмін. Бұл деген сұмдық. Үкімет жалақы 500 мың теңге дегені өтірік. Кім алады ондай ақшаны? Біздің елде ондай айлық жоқ. Азық-түлік те қымбаттап жатыр», — деді пікір білдіруші.

Әлеуметтік желіде Әсел есімді тағы бір желі қолданушысы 2 ай үйде болмаса да коммуналдық қызметтің төлемдерін көріп жағасын ұстаған. Айтуынша, ол екі ай саяхаттаған. Бірақ үйіне оралғанда коммуналдық қызмет үшін екі айға 67 000 теңге төлеген. Қаңтар үшін 23 763 теңге шықса, ақпанда 42 354 теңге төлеген.

“Барлығы есептеуіштің кесірінен. Есептегіштер орнатылған күннен және пломбалау күнінен бастап есептемейді. Бәрі мердігердің сізге есептегіштің қай жылы қойғанына және есептеуіштің қай жылы шыққанына байланысты. Осыны мұқият тексеріңіздер. Мен қайта есептетемін бе, жоқ па білмеймін. Өйткені менің есептеуішімді жөндеуге болады. Мен мүлдем су пайдаланбап едім. Бірақ қарыз болмас үшін осынша ақша төлеуге мәжбүрмін”, – дейді Әсел Tik Tok парақшасында.