Қазақстанға балалар футбол академиясы ауадай қажет

Қазір Еуро чемпионаты өтіп жатыр, деп хабарлайды Caravan.kz медиа порталы. Осыған орай балаларға арналған футбол академиясының біздің елге қажеті туралы айтқан өте маңызды.

Бүгінде елімізде "Қайрат" ФК академиясы бар. 2013 жылы құрылған академия Алматыда орналасқан. Одан басқа жеке кәсіпкерлердің өз ақшасына ашқандары да бар. Алайда алпауыт елдермен тәжірибе алмасатын, білікті футбол мамандарын тартатын спорт академиялары жоқ. Болашақта ашылуы мүмкін. Қалталы азаматтар жоспарда бар екенін айтқан. Ал Қазақстанға бұл не үшін маңызды?

2013 жылы Криштиан Роналду Грузияға келген екен. Тбилиси қаласындағы "Динамо" клубының академиясының ашылуына.

Қазіргі Грузия құрамасының Хвича Кварацхелия (суретте қызылмен белгіленген балақай) бастаған бес ойыншысы сол кезде Роналдумен фотоға түсіпті.

Кеше сол академияның 11 түлегі Португалияға қарсы сойқанды салды. Еуропа чемпионатында Роналду бастаған Португалия құрамасы Грузиядан 2-0 есебімен жеңіліс тапты. Криштианомен фотоға түсіп жүрген Хвича матчтың үздік ойыншысы атанды. Түнде Гүржі елінде шарап өзен болып ақты.

"Балаларға арналған футбол академиясы керек деп қақсап жүргенімізге қанша жыл болды. Маған десе Анчелоттиды әкеліңдер, балалар футболына көңіл бөлмесек осы сорлағанымыз сорлаған", - деп пікір білдірді журналист Оңғар Қабден.

Айтпақшы, Грузия құрамасының бас бапкері, француз маманы Вилли Саньолдің айлығы Черчесовтен 6 есе аз деген ақпарат бар.