Қазақстанның тұңғыш бас муфтиі өмірден өтті

Бұл туралы Caravan.kz медиа порталы muftyat.kz-ке сілтеме жасап хабарлайды.

Қазақстанның тұңғыш Бас мүфтиі

Рәтбек қажы Нысанбайұлы хазіреттің отбасына

КӨҢІЛ АЙТУ ЖЕДЕЛ ХАТЫ

Қазақстанның тұңғыш мүфтиі Рәтбек қажы Нысанбайұлы хазіретіміз қайтыс болды деген қаралы хабар менің де жаныма қатты батты.

Жуырда ғана Рәтбек ұстаздың үйінде болып, ахуал сұрасып, сұхбаттасқан едік. Ақсақалдың дәм-тұзы таусылған екен. Алла алдынан жарылқасын. Иманы өзіне серік болсын.

Өзімнің және Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы ұжымы атынан марқұмның отбасына, туған-туыстарына, еліміздегі барша мұсылман қауымына көңіл айтамын. Марқұмның мәңгілік мекені жәннат болғай.

Рәтбек хазіретіміз мүфти болған жылдары мұсылман мемлекеттерімен тығыз қарым-қатынас орнатып, ынтымақтастықты арттыра түсті. Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының іргетасын қалаған Рәтбек Нысанбайұлы өзі басқарған мерзім ішінде 30-дан астам мешіт салдыруға ықпал етті.

Халықтың діни сауат ашуына ден қойды. Рәтбек қажы ақсақалдың мүфтилік кезеңі «алғашқы сауат ашу кезеңі» деп аталды. Өйткені, осы кезеңде халықтың діни сауатын ашу маңызды істің бірі болды. Ұстазымыз бойында бар күш-қайратын шәкірт тәрбиелеуге арнады. Өзінен кейінгі шәкірттеріне әрқашан ағалық кеңесін айтып, жанашырлық танытты.

Алла Тағала Рәтбек хазіретіміздің отбасына көркем сабыр бергей. Жатқан жері жайлы, топырағы торқа болғай. Діни салада жасаған сауапты амалдарының игілігін көргей. Әмин.

                       ҚМДБ Төрағасы, Бас мүфти

Наурызбай қажы Тағанұлы  

1990 жылдың 12 қаңтарында Алматыда Қазақстан мұсылмандарының І құрылтайы өтіп, Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы құрылды. ҚМДБ Ташкенттегі Орта Азия және Қазақстан мұсылмандары діни басқармасынан (САДУМ) бөлініп, дербес Діни басқарма болды. ҚМДБ-ның алғашқы төрағасы, Бас мүфти болып Рәтбек қажы Нысанбайұлы сайланды.Рәтбек қажы Нысанбайұлы 1940 жылдың қарашасында Түркістан облысында дүниеге келді. ҚазПИ-дің тарих факультетін бітірді. 1964 жылы Бұхарадағы «Мир-Араб» медресесін және Бұхара педагогикалық институтын тәмамдады. 1969-1975 жылдары Ливия университетінің Шариғат және құқық факультетінде оқып, жоғары діни білім алды. Рәтбек қажы Нысанбайұлы 1979 жылдан бастап Қазақстанның қазиі болды.1990 жылғы 12 қаңтарда Қазақстан мұсылмандары діни басқармасын құрып, бас мүфти болып сайланды. Рәтбек қажы 2000 жылға дейін Діни басқарманы басқарды.