"Қазақстанның ұлттық бренді": Алматыда тұрып, апорт алмасын табу қиын

Апорт алмасы - Қазақстанның өзіндік бренді. Ол Алматы қаласымен тыңыз байланысты ерекше алма түрі. Қазіргі таңда аталмыш алма түрінің өндірісі азайып, тіпті Алматының өзінен табу қиын, деп хабарлайды Caravan.kz медиа порталы.

Алғаш рет "Апорт" алмасы 19-ғасырда Жетісу өңірінде өсіріле бастаған. Кейіннен бүкіл әлемге аты шыға бастады. Апорт алмасының ерекше дәмі, үлкендігі мен хош иісі оны өзге жеміс түрлерінен ерекшелейді. Бір кездері Алматы апорты әлемдік көрмелерде таныстырылып, Қазақстанның символы ретінде танылды.

Қазір Алматыда тұрып, апорт алмасын табу қиын. Түрлі сорттағы алмалар бар, бірақ шынайы апортты табу оңай емес. Арнайы жәрмеңкелерге барып жүріп сатып аласыз. Базарда «апорт» деп басқа алманы сатып жібереді саудагерлер. Саясаттанушы Асхат Қасенғалидің ойынша, өңірімізде бар апорт бақтары жекеменшікке өтіп кеткені дұрыс емес, оларды мемлекет өз қорғауына алғаны жөн.

"Қарасай ауданында апорт бағы бар үлкен жер бар көрінеді, кейін ол жер Алматы қаласының аумағына кіріпті. Оны бір компания ма, мекеме ма 20 жыл бұрын жекеменшікке алыпты. Ол жер арқылы бір өзен мен бір бұлақ ағып өтеді екен. Ал заң бойынша су көздері бар жерді жекеменшікке беруге болмайды екен, тек уақытша қолдануға ғана беруге болады. Енді сол жерді Ауыл шаруашылығы министірлігіне қарасты Алматы қаласының жер ресурстарын басқару департаменті және қалалық прокуратура қайтарып алғысы келіп отырған көрінеді. Жерді бергенде су көздері бар жерді жекеменшікке беруге болмайтынын Қарасай ауданындағы шенеуніктер ескермеген дейді. Сөйтіп келісімді үзу туралы шағым түсірген. Сонымен екі тарап ырду-дырду болып жатыр. Сотқа дейін барған көрінеді.

«Апорт» алмасы деген Алматының символі ғана емес, Қазақстанның ресми бренді ғой. Былтыр Қазақстанның ресми бренді ретінде тіркелді. Сол себепті де мұндай бақтар мемлекеттің қорғауында болуы тиіс деп ойлаймын, ол бақтар жойылмауы және алма бағы бар жерге қандай да бір құрылыс, тұрғын үй салынбауы қажет. Мемлекет заң аясында мұндай нысандарды өзінің бақылауына алып, қорғауы қажет қой", - деп жазды ол өзінің Facebook парақшасында.

Елімізде апорт алмасы ресми түрде ұлттық бренд болып 2023 жылдың 13 қазанында тіркелді. Бұл Қазақстандағы белгілі өнімнің тек Алматыға тиесілі екендігін географиялық көрсеткіш ретінде бекітіп отыр. Қазіргі таңда апортты халықаралық нарыққа шығару жұмыстары жүргузілуде. Ол үшін Франция, Польша сияқты елдерге отандық апорт алмасын экспорттау мақсатында қажетті материалдар жеткізіліп жатыр. Бұған дейін Тоқаев апортты ұлттық брендке айналдыру туралы тапсырма берген еді.

Дегенмен соңғы жылдары елімізде апорт өндірісі азайып, бұл алма сұрыпының сақтаулы өзекті мәселеге айналды. Сарапшылар апорт алмасын Қазақстанның маңызды табиғи бренді және мәдени мұрасы деп бағалайды. Бұл алма Алматы өңіріне тән әрі тарихи мәні зор. Апорт алмасын қайта қалпына келтіру және көбейту жұмыстары үкіметтің ерекше назарында, себебі ол еліміз үшін экономикалық және экологиялық маңызға ие. Апорт алмасының сапасын жақсарту және халықаралық деңгейде танымал ету үшін әртүрлі зерттеулер жүргізіліп, генетикалық қорды зерттеу маңызды бағытқа айналды.