Бұл туралы ол Instagram-дағы парақшасында айтты, - деп хабарлайды Caravan.kz медиа порталы.
”Қазақ қашанда таңбаға мән берген халық. Бірақ мына символ бізді адастырып жатыр. Оны әлі де кей адамдардың көлігінен, көкірегінен, күмбезінен көреміз. Лента жай жолақ емес. Ол символ һәм саясат. Оның астарын түсіну үшін тарихқа үңілейік. 1769 жылы Екатерина 2-ші патшайым Ресей мен Осман империясының соғысы кезінде өз әскерлерін мотивациялау үшін орден шығарады. Ол христиан әулиесі, айдаһарды өлтірген “әулие Георгийдің” атымен аталады. Орден қара-сары жолақты лентаға байланып, империялық мүдде үшін “ерлік” көрсеткендерге 150 жыл бойы беріледі. Сондықтан оны қазақтарды қырған, жерін тартып алған офицерлер де таққан. Бұл бір деңіз. Кеңес дәуірінде діни рәміздерге тыйым салынғандықтан, әулие Георгий ордені жойылады. Бірақ лента қалады. Тек атауын “гвардиялық” деп өзгертеді. Менің атам - Ұлы отан соғысына қатысқан. Оның медальдарын мұқият қарасам, бәрінде қызыл лента. Тек біреуі басқа. Жай емес бұл, әрине. Бірақ 2005 жылы пайда болған символды 1945 жылғы жауынгер қайдан білсін? Кеңес сарбаздары мен тыл еңбеккерлері үшін жеңістің басты нышаны - қызыл ту, қызыл гвоздика болды. Сонымен 2005 жылы не болды? Кремльге жаңа символ қажет болды. Сөйтіп Ресей бұл лентаны мемлекеттік идеологияға айналдырды. Грузия, Қырым, Украина. Қаруда осы лента. Танкте осы лента. Сондықтан қазір оны тағу - “атам соғысқа қатысқан” деген белгі емес, бұл - соғыстың өзін қолдау. Мен өзіміздің көк лентамызды таңдаймын. Өйткені бейбітшілікті қалаймын”, - деді журналист.