ҚазАвтоЖол көктайғаққа қарсы материал көлемін 3 есеге арттырды

Бұл туралы ОКҚ алаңында өткен баспасөз конференциясында «ҚазАвтоЖол» ҰК» АҚ басқарма төрағасы Дархан Иманашев мәлімдеді, деп хабарлайды Caravan.kz медиа порталы.

Атап айтқанда, 1 050 вагонға тең болатын 63 мың тонна техникалық тұз дайындалды, 104 мың текше метр, яғни 3 мыңға жуық вагон құм, 4 мыңға жуық вагон қиыршық тас пен 1,2 мың тонна химиялық реагент жеткізілді.   

«Былтырғы қыс ауыр болды. Қар мен жаңбыр аралас ұзақ жауын-шашын автожол пайдаланушылары тарапынан көптеген шағым туғызды. Бұған жауап ретінде және жолдарды күтіп ұстау сапасына қойылатын талаптардың күшеюін ескере отырып, көктайғаққа қарсы материалды дайындауды 3 есеге жуық ұлғайту туралы шешім қабылданды. Мәселен, өткен жылы техникалық тұз дайындау жоспары 26 мың тоннаны құраса, биыл бұл көрсеткіш 63 мың тоннаға дейін ұлғайтылды, басқа материалдар көлемі де дәл солай арттырылды», – деді спикер.  

110 мың текше метрге жуық мұзға қарсы материалдар мен құм-тұз қоспасы қолданылды. 10 мың шақырым жерде қарды ұстап қалу үшін қар үйінділері жасалып, траншеялар қазылды. Қауіпсіздікті арттыру үшін 45 мың метрлік ағаш қоршаулары орнатылды, сондай-ақ техника жете алмайтын автопавильондар мен алаңдар қардан қолмен тазаланды.  

Көпжылдық талдау нәтижелері бойынша ұзындығы 2,2 мың шақырымға тең қар көп жиналатын учаскелер анықталды. Жел бағытының өзгеруіне байланысты жыл сайын қар үйінділері жиналатын жаңа учаскелер пайда болады. Бұл қауіпті азайту үшін уақытша ағаш қоршаулар орнатылады. Биыл 31 мың бірлік қоршау орнату жоспарда бар. Сондай-ақ қарды ұстап қалу үшін қарды бір жерге үйіп қою техникасы қолданылады.   

Автомобиль жолдарын реконструкциялау және күрделі жөндеу шеңберінде қарды ұстайтын стационарлық қоршаулар орнату көзделген. Ағымдағы жылдың қорытындысы бойынша жобалар шеңберінде жол бойында 74 шақырым жол бойында қардан қорғайтын стационарлық қоршаулар орнатылды.