AMANAT партиясының Парламент Мәжілісіндегі Фракциясының кеңейтілген отырысы өтіп, 2025-2027 жылдарға арналған республикалық бюджет жобасы жан-жақты талқыланды, деп хабарлайды Caravan.kz медиа порталы.
Мәжіліс депутаты Нартай Аралбайұлы екі министрлікке сауал жолдады.
ҚР Ғылым және жоғары білім министріне қойылған бірінші сұрақ:
Мминистрлік өз дерегінде 2024 жылы 10 576 орындық 27 жатақхана қолданысқа беріледі деген. 24 қыркүйектегі мәліметке сүйенсек, соның тек 17 жатақханасы ғана іске қосылған, қалған 10 жатақхананың құрылысын жыл соңына аяқтап қолданысқа беру мүмкін бе?
Екінші сұрақ бюджеттік бағдарламаға қатысты.
2024 жылы жатақханадағы 15 138 орын үшін министрлік бюджеттен 6 137 123 000 теңге сұраған. Ал 2025 жылы 14 510 орын үшін 7 264 810 000 теңге сұрап отыр. Орын саны 628-ге аз, ал қаржысы 1,1 млрд теңгеге көп. Себебі неде? 2026 жылы да сол, орын саны 14 510, ал оған қарастырылған қаражат 7 663 894 000 теңге. 2027 жылы да орын саны сол баяғы 14 510, ал талап етілетін қаражатта тағы өсім бар, 8 009 398 000 теңге. Жатақханадағы орын саны көбеймесе де оған қажет қаржының еселеп өсуіне не себеп?
Үшінші сұрақ, студенттерді хостелге орналыстыру мәселесі.
Осы арқылы министрлік жатақхана проблемасын шешпек болды. Бірақ бұл қаншалықты тиімді шешім болды деген сұрақ туады. Естеріңізде салайын, 2023 жылдың 30 қарашасында Алматыда хостел өртеніп 13 адам қаза тапқан еді. Оның төртеуі шетел азаматы, 9-ы Қазақстан азаматы болды. Ішінде студенттер бар. Тергеу барысында хостелдің жертөледе заңсыз орналасқаны анықталды. Содан сабақ алды ма уәкілетті орган? Министрлік берген мәліметке қарасақ Алматыда биыл тағы 10 шақты хостелмен келісімшарт жасасқан. Ол жерге студенттер орналасады. Бірақ хостелдегі қауіпсіздікті енді кім, қалай бақылайды?
ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігіне жолданған келесі сауал:
Жастардың бастамаларын қолдауы тиіс гранттық жобаларды қаржыландыру 2024 жылы 128,8 миллион теңгеге көбеюі керек еді. Бұл жастардың білім және ғылым, шығармашылық пен жаңа технологиялар саласындағы бастамаларына берілуі тиіс.
Алайда бюджетті нақтылауда аталған қаражатты бекітілмеген. Енді не болады? Жастар қолдаусыз қала ма? Алдағы үш жылдықтың жоспары не болады?
ҚР Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек депутаттың сұрағына жауап беріп, жылдың соңына дейін жоспарланған нысандар қолданысқа берілетінін айтты.
"Он нысанымыз қалды. Жылдың соңына дейін аяқтаймыз. Барлығы бақылауда. Жалпы биыл 10 863 төсек орны 27 нысан тапсырылады. Соңғы 5 жылда 211 нысан тапсырылды, 50 мыңнан аса төсек орны қолданысқа берілді. Бюджетке байланысты жауап беретін болсам, келесі жылдан бастап жаңа механизм енгіземіз. Ол қайтадан құру. Үлкен қалаларда жатақхана салу жер мәселесіне тікелей байналысты. Жақсы жер учаскелері аз, әсіресе орталықтарда. Сондықтан бұрыннан қалып қалған ғимараттар, қонақ үйлер, хостелдер, бизнес орталықтардың нормативті субсидиялары екі есе ұлғаяды. Келесі жылдан бастап ол 182 АЕК дейін 50 пайызға дейін өседі. Қаржы министрлігі қолдады. Соған байланысты төсек орны да, оның қаражаты да өзгереді. Қазір мердігерлер мен жекеменшік сектор, құрылыс компаниялары тарапынан қызығушылық бар. Себебі былтырдан бастап жаңадан салуға субсидияларды 40 пайызға көтердік, қайтадан құруды 50 пайызға ұлғайттық. Осы екі тетік көзі арқылы тапшылықты жоюға тырысамыз", - деп жауап берді Саясат Нұрбек.