Сауд Арабиясына қажылық кезінде 577 адам қайтыс болды. Олардың 323-і – Мысыр азаматы болса, 60-ы иорданиялықтар. Бұл туралы шетелдік БАҚ жазды, деп хабарлайды Caravan.kz медиа порталы.
«Олардың (мысырлықтар) бәрі аптап ыстықтан қайтыс болды, тек біреуі адамдар арасында қалып жан тапсырған», – деді араб дипломаттарының бірі.
Осы қайғылы оқиғаға байланысты журналист Сәуле Әбілдаханқызы пікір білдірді.
"Айналайын журналисттер!
"Мерт болды", "қайтыс болды", "опат болды", "марқұм болды", "өлді", "жантәсілім етті", "қыршын кетті", "өлім құшты", "ажал құшты", "ажалы жетті", "дәм-тұзы таусылды", "талқаны таусылды", "сағаты болды", "бақилық болды", "бақиға аттанды", "о дүниелік болды", "шейіт болды", "шейіт кетті" деген тіркестердің қайсысы қандай жағдайда, қандай кезде қолданылатынын алдымен ажыратып алып, тек содан кейін жазыңдаршы (немесе айтыңдаршы), Құдай үшін.
Қажылықта қайтыс болғандарды "мерт болды" демейді... жай ғана "қайтыс болды", "бақилық болды" дейді.
Иманды болсын!
Қажылық - арабтардың және туркомпаниялардың маркетингіне айналғаны жүректі ауыртады әрине.
"Қажылыққа бару кімдерге парыз? Кімдерге болады, кімдерге болмайды? - деген сұраққа жақсылап жауап іздеген дұрыс. Әсіресе қажылыққа барғысы келетіндер бармай тұрып ойланып, "маған бола ма, болмай ма?" деген сұраққа әбден жауап іздегені жөн.
Мысалы, бір адамға болса да қарыз болсаң, бала-шағаңды, ата-анаңды қарамай кеткен болсаң, тастап кеткен болсаң, балаңа алимент төлемей жүрген болсаң, аш жүрген бауырыңды, туысыңды, көршіңді қамқорлыққа алмаған болсаң, жұмысшыларыңның, қызметкерлеріңнің айлығын төлемей жүрген болсаң т.б. Онда қажылық қабыл болмайды. Шарт бойынша, қажылыққа адал табысыңмен баруың керек, ол жаққа аттанарда өлімге барлық жағынан дайын болып аттануың керек, - қарыздарыңнан құтылып, балаларыңды кәмелет жасқа жеткізіп, тіпті, үйлендіріп, жетілдіріп, айналаңдағылардың ризашылығын (кешуін) алып, ренжіткен адамдарыңнан кешірім сұрап...
Менің түсінігімде - қажылыққа аттанбас бұрын сен адамды ренжітпеуді, наласына қалмауды, ренжіткен болсаң, кешірім сұрауды үйренуің керек. Қажылыққа барғаныңды естіген адам "ол маған қарыз еді, алдымен мендегі қарызынан құтылып алмай ма?.." деп ренжімеуі керек, керісінше, сенің қажылыққа барғаныңды естіген әрбір адам "қабыл болсын!" дейтіндей дәрежеде аттануың керек".