“Қазір иттің етін жеу тойғандықтың белгісі” Журналист Ербол Мәндібек

Бұл туралы ол Facebook желісіндегі парақшасында жазды, - деп хабарлайды Caravan.kz медиа порталы.

”Тимур Балымбетов зообелсенділерден сұхбат алыпты. Олардың айтуынша, астанада ресторандар иттің етін сатып алады екен. Бірнеше жылдан бері жасырын жүргізіліп келе жатқан бизнес деп отыр. Тіпті бұл мәселе бойынша сот та болған көрінеді. Бірақ, иттің етінің саудасы тоқтамаған.

Кеше бір кісімен сөйлестім. Оның айтуынша, иттің етін фаршқа араластырса дәмі керемет болады мыс. Әсіресе, тұшпара мен мантының фаршына иттің етін араластырса дәмі тіл үйіреді деді. Хош.

Фарштың құрамында иттің еті бар екенін қалай аңғаруға болады? Мысалы қарапайым адам мүлде сезбейді.

Осыдан он жыл бұрын іссапармен бір облысқа бардым. Күздің қара суығы болатын. Тұмау тиіп, көк жөтелге ұласты. Сонда бір жігіт айтып еді, моншаға түсіп иттің етін жесең тұмауың тез кетеді деп. Мен оны боқтап-боқтап екеумізге төбелесуге дейін бардық. Кейін интернет арқылы ақпарат іздеп оқыдым. Расында иттің еті кеудеге өте пайдалы көрінеді. Бірақ біздің мұсылман дінімізде мақұлықтың етін жеуге қатаң тыйым салынған. Өліп бара жатсаң да иттің етін жемеген жөн деп ойлаймын.

Баяғыда совет одағы кезінде иттің етін жасырын жеу үрдісі болған деп естідім. Бұл әңгімені ағалардың аузынан арагідік естігенім бар. Расында ол кезде кеуде ауруы өте қауіпті саналды. Және дәрі-дәрмекте жоқтың қасы болған. Ал қазір иттің етін жасырын жеу дегенді түсінбеймін. Тойынғандықтың белгісі шығар бәлкей”, - деп жазды журналист.

Еске сала кетейік, мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев жануарларға жауапкершілікпен қарау мәселелері бойынша Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы заңға қол қойды. Бұл құжат қаңғыбас иттер мен мысықтарға қатысты құқықтық режимді өзгертеді.