Ал жарна төлеп отырған 2 миллионнан астам ел тұрғындары қайда барып емделетінін білмей дел-сал болды. Caravan.kz медиа порталы тарқатады.
МӘМС-тің елімізде жұмыс жасап келе жатқанына 6 жылдан асты. Осы уақыт ішінде байқағанымыздай, әлі де жалған есеп беру тоқтаған жоқ, оның арасында марқұм азаматтарды да тіркеп жіберген жағдайлар кездеседі. Тіпті ақылға қонымсыздығы, 3-5 айлық нәрестелердің тісін емдедік деген сылтаумен ақша алып отырғаны да бар деді депутат Нартай Аралбайұлы.
МӘМС-тің басшысы Әбілқайыр Сқақов орнынан кетті. МӘМС -ке қатысты былықтардың боларын білді немесе оған алдын-ала білдірді. Себебі, депутаттар бұл қордың кемшіліктерін түгел тізіп шығып, сынға алды.
"Әбілқайырды әлдилеп, әлпештеген Даниял Ахметов болатын. Әскерге бармаған Әбілқайырды Қорғаныс министрінің орынбасары да қылған еді. Кейін ҰҚК-де Мәсімовке зам болған Дәулет Ерғожинға ерді. Дәулет Қаңтардан кейін сотталып кетті. Сонда да Сқақовқа су жұққан жоқ. Бір жыл МӘМС -те істеп “мыршымға” батқан сияқты. Осы жолы да аман құтылар ма екен?", - деген сауал тастады оқырмандарына Оңғар Қабден.
МӘМС-те азаматтардың жарнасының жалпы көлемі 4,5 трлн теңгеден асқан. Сақтандыру жүйесіне қатысатын 2 млн азаматтың ақшасы қайда кетіп жатыр? Денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарованың айтуынша, сақтандырылған азаматтар қайткен күнде де медициналық қызметті тегін алуға құқылы. Іс жүзінде нақты нәтижелері көңіл көншітпейді. Сондықтан былыққа батқан МӘМС жүйесін депутаттар бірауыздан тоқтата тұруды ұсынды.
Асхат Аймағамбетовтың пікірінше, қазіргі МӘМС жүйесі сақтандыруға қарағанда, салыққа жақын. Халық МӘМС жарналарын төлесе де, медициналық қызметтерді ала алмай жүр. Бұл жүйе енді енгізілген кезде бастапқыда мемлекет ел бойынша орташа айлық жалақының 7 пайызын төлеп отыратыны айтылған. Бірақ іс жүзінде бұл жарна бірнеше есе қысқарды. Ал азаматтар мен жұмыс берушілердің міндеттемелері сол деңгейде қалды. Ол — 2 пайыз. Нәтижесінде бұл жүйеге бюджеттен триллиондаған теңге түспей қалған. Ұйымдар қаржыландырудың жетіспеушілігін жабу үшін көрсетілетін қызметтердің көлемін ұлғайтуға мәжбүр. Зардабын қарапайым халық тартып жатыр.