Шымкентте 21 жасар жас қыздың өлімі әйелдер қауіпсіздігін тағы да күн тәртібіне шығарды. Әсіресе сталкинг мәселесіне қатысты заңның қалай жұмыс істейтіні талқылана бастады. Себебі өміріне шынымен қауіп төніп тұрған қыз-келіншектер уақытылы көмекке жүгіне алмай, полиция тарапынан қорғалмай жатқаны қоғамды алаңдатып қойды. Себебі бір қыздың тағдыры - тұтас қоғамның тағдыры. Caravan.kz медиа порталының тілшісі тақырыпты зерттеп көрді.
Қоғамды дүр сілкіндірген трагедия
Жантүршігерлік оқиға мемлекет пен қоғам айналып өте алмайтын маңызды сұрақтарға жауап іздейді. Қанды қылмыстың алдын алуға болар ма еді? Полиция қызметкерлері неге немұрайлылық танытты? Олар жауапқа тартылады ма? Қазіргі заңдар қыз-келіншектерді қорғауға жеткілікті ме?
Қайғылы оқиға 11 қаңтар күні кешкі сағат 18:40 шамасында Шымкент қаласындағы Төлеметов және Өтеметов көшелерінің қиылысында болған. Тергеудің алдын ала мәліметіне сәйкес, қылмыскер жас қызға жеті рет пышақ сұққан. Марқұмның бетіне, ішіне, арқасына және қолдарына тиген. Алған ауыр жарақаттардан ол оқиға орнында көз жұмды.
Куәгерлердің айтуынша, бәрі өте жылдам өрбіген. Алдымен күдікті қызды ұрып-соғып, кейін пышақ ала жүгірген. Сол сәтте жұмыстан қайтып келе жатқан бір әйел көріп қалып, айқайлап, полиция шақыратынын айтқан. Қорыққан күдікті қашып кеткенімен, бір минуттан соң қайта оралып, тағы үш-төрт рет пышақ сұққан. Қыздың жан даусы көршілер мен өтіп бара жатқан адамдарға анық естілген.
«Айнала толған полиция болды. Біз қатты қорықтық. Олар үйлерімізге келіп, жауап алды. Қыз бар болғаны екі-үш минуттың ішінде жан тапсырды», - дейді жақын маңда тұратын тұрғындар.
Нұрай қандай адам еді
Жақындарының айтуынша, Нұрай сабырлы, ұяң, момын қыз болған. Мектепті үздік бітіріп, Алматыға оқуға түсіп, мода және дизайн мамандығы бойынша білім алған. Сессияны сәтті тапсырып, қысқы демалысқа Шымкентке үйіне келген.
Трагедия күні Нұрай үйінің жанындағы дүкенге тәтті пісіру үшін ұн алуға шыққан. Тергеу деректеріне сәйкес, дәл осы сәтте күдікті оны үйінің маңында күтіп тұрған. Қыз сөйлесуден бас тартқан соң, ол артынан қуып жетіп, шабуыл жасаған. Қылмыс сәті бейнебақылау камерасына түсіп қалған. Бейнежазбада оқиғаның толық барысы мен шабуыл жасаған ер адамның әрекеттері анық көрінеді.
«Мұндай адамдар бостандықта жүрмеуі керек»
Марқұмның анасы қайғысын жасыра алмайды:
«Жүрегім қақ айырылып отыр. Оған ату жазасын берсін. Тіпті өмір бойына сотталса да, оны аяуға дәтім бармайды. Менің қызымды осындай қатыгездікпен өлтірген адамға мейірім болмайды».
Қылмыскер ұсталды ма?
21 жастағы қызға пышақ жарақатын салды деген күдікпен 1997 жылы туған Аймахан Шерхан Әлмаханұлына іздеу салынды. Полицияның мәліметінше, ол қылмыстан кейін Hyundai маркалы көлікпен оқиға орнынан қашып, біраз уақыт қала сыртында бой тасалаған.
Қазіргі таңда 28 жастағы Шымкент тұрғыны уақытша ұстау изоляторына қамалды. Полиция күдіктінің марқұммен бұрын таныс болғанын растады. Қылмыстың себептері мен барлық мән-жайын тергеу анықтайды. Аталған дерек бойынша қылмыстық іс қозғалды.
Кей дереккөздерде күдікті сталкер ретінде аталып жүр, алайда бұл факт ресми түрде тергеу барысында нақтылануы тиіс.
Бір отбасының қайғысынан асып түсетін мәселе
Нұрай Серікбайдың өлімі қоғамда үлкен резонанс тудырды. Әлеуметтік желілерде қазақстандықтар марқұмның отбасына көңіл айтып, әділ тергеу мен қатаң жаза талап етуде. Көпшілік бұл оқиғаны жүйелік мәселе ретінде қабылдап отыр.
Жақындарының айтуынша, күдікті жігітпен ол өткен жылдың жазында танысқан. Көп ұзамай жас жігіт оған тұрмысқа шығуға ұсыныс жасаған. Алайда қыз бас тартқан.
2025 жылдың қазан айында ол қызды өз еркінен тыс алып қашқан. Полицияның көмегімен туыстары қызды жігіттің үйінен алып кеткен. Қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін жақындары тиісті арыз да жазған. Кейін қыз жігітті кешірген, ол енді мазаламайтынына уәде берген. Алайда ізін аңдып, қорқытуын қоймаған.
Марқұм қыздың ағасының жазбасы
Марқұмның ағасы Сұлтан әлеуметтік желіде үндеу жариялады:
«Менің атым Сұлтан. 2026 жылдың 11 қаңтарында пышақталып, қатыгездікпен өлтірілген қыз — менің қарындасым. Жүрегіміз қан жылап отыр. Қазір қолымыздан келетіні — кінәлі адамға ең жоғары жаза талап ету. Қарындасым ақылды, тыныш, көзге түсе бермейтін қыз еді. Ол “жоқ” деп айтуға қиналатын. Ал ол соны пайдаланды. Бұл адам сталкер болды. Біз бұл оқиға әділ шешімін табуы үшін ақпаратты таратып, қолдау көрсетуді сұраймыз. Қазір көп сөйлеуге болмайды, қарсы тараптың адвокаттары кез келген сөзден ілік іздейді. Біз әділ сотқа сенеміз».
«Сен мені түрмеге отырғыза алмайсың»
Марқұмның құрбысының айтуынша, Нұрай күдіктінің қысым көрсеткенін дәлелдейтін хабарламалар мен аудиожазбаларды сақтап жүрген. Сол жазбаларда мынадай сөздер болған:
«Сен мені түрмеге отырғыза алмайсың. Сен мені темір тордың артына қамауға шаман келмейді».
Құрбысының айтуынша, күзгі семестр басталғалы Нұрай мүлде өзгерген, күлімсіреуді қойған, тұйықтала бастаған. Ер адам оны психологиялық тұрғыда қорқытып, бақылап, әлеуметтік желілер арқылы әр қадамын аңдыған.
Туыстарының сөзіне қарағанда, күдікті бұған дейін Нұрайды Алматыдан күштеп алып кетіп, Шымкентке әкелген. Қыздың да, ата-анасының да келісімі болмаған. Туыстары алып кеткен соң да қудалау тоқтамаған. Нұрай бәрін тіркеп, полицияға жүгінгенімен, арызы тиісті деңгейде қаралмаған.
Полицияның немқұрайлылығы
Гендерлік экономика зерттеушісі әрі феминист Әйгерім Құсайынқызы мұндай жағдай тек Шымкентке тән емес екенін айтады.
Оның сөзінше, сталкинг туралы бап Қылмыстық кодекске 2025 жылғы 17 шілдеде енгізіліп, 15 қыркүйекте күшіне енген, алайда құқық қорғау органдары бұл баппен қалай жұмыс істеу керегін әлі толық білмейді.
«Бұл мемлекеттің әрекетсіздігі. Мұнда жүйелік проблема бар. Қауіпсіздік қамтамасыз етілуі тиіс жағдайлар қайда болды?» - дейді ол.
Сарапшы мәселенің тамыры тек заңда емес, қоғамдағы ойлау жүйесінде жатқанын атап өтеді. Көп жағдайда агрессия ақталып, жауапкершілік қыздардың өзіне артылып жатады.
Өлім жазасының күшін жою және мемлекеттің жауапкершілігі
Марқұмның анасы өлім жазасын талап етіп отыр. Алайда Қазақстан 2023 жылғы 1 қаңтардан бастап өлім жазасынан толық бас тартқанын айта кеткен жөн. Сондықтан бұл жазаға қайта оралу іс жүзінде мүмкін емес. Алайда, мамандардың айтуынша, жауапкершілік тек қылмыскерге ғана емес, уақытында шара қолданбаған полиция қызметкерлеріне де жүктелуі тиіс.
«Қыздың арызын қабылдамағандар жазаланды ма? Ол жаза олардың мемлекеттік қызметте қайта жұмыс істеуіне жол бермейтіндей болады ма?» - деген сұрақтар қоғам тарапынан қойылуы керек.
Сталкинг - ауыр қылмыс
Адвокат Жанна Оразбахованың айтуынша, Қазақстанда сталкинг әлі күнге дейін іс жүзінде жазасыз қалып отыр. Қазіргі заңнама бойынша бұл әрекет көбіне айыппұлмен немесе қысқа мерзімді қамаумен шектеледі, ал шын мәнінде бас бостандығынан айыру жазасы қолданылмайды.
«Сталкинг әрдайым ауыр қылмыстарға алып келеді: зорлық-зомбылыққа, ұрлауға, кісі өлтіруге. Нұрайдың жағдайында құқық қорғау органдарының әрекетсіздігі оның өліміне себеп болды», - дейді адвокат.
Оның пікірінше, Нұрайдың арызын қарамаған полиция қызметкері салғырттық үшін қылмыстық жауапкершілікке тартылуы тиіс, ал күдіктіге кісі өлтіруден бөлек сталкинг пен адам ұрлау баптары да қосымша тағылуы мүмкін.
Өмір бойына бас бостандығынан айыру мүмкін бе?
Адвокаттың айтуынша, өмір бойына соттау мүмкін емес. Егер іс «Кісі өлтіру» бабымен қаралса, күдіктіге 14-15 жыл жаза тағайындалуы мүмкін. Қосымша баптар мерзімді ұлғайтуы мүмкін, бірақ өмір бойына бас бостандығынан айыру жазасы әзірге екіталай.
Бұл - жай ғана бір қылмыстық іс емес
Бұл іс бір ғана қыздың өлімі туралы емес. Бұл - әйелдер қауіпсіздігі, сталкинг, үнсіз қорқынышта өмір сүріп жатқан мыңдаған қыздардың тағдыры туралы. Өкінішке орай, Нұрай Серікбайдың өмірін қайтару мүмкін емес. Бірақ дәл осы істің қалай тергеліп, қалай аяқталатыны қоғам үшін маңызды. Себебі аталмыш трагедия ұмытылып, жабылып қалмауы керек. Керісінше, қоғам мен мемлекет әйелдердің өмірін қорғауды бақылауға алатын, нақты қадам жасайтын бетбұрысқа айналуы тиіс.