Казкоммерцбанк өз ішінен "Kazkommerts Invest" атты тағы бір жаңа отау тікті

Банк мәліметі бойынша, "Kazkommerts Invest" компаниясының басты іс-қызметі компаниялардың жалпы даму стратегиясы мен инвестициялық бағдарламаларын жасау, акционерлік және несиелік рыноктарда қаржыландырудың тиімді құрылымын қалыптастыру жөнінде қаржылық ақыл-кеңестер беру, стратегиялық инвесторларды іздестіру және оларды Қазақстандық компанияларды сатып алу , қайта құру және өзара бірігу процесстеріне белсенді араластыру , бағалы қағаздар рыногіне инвесторлар іздестіру, қазақстандық компаниялардың жергілікті және шетелдік капитал рыногіне акция және облигация шығаруына жәрдемдесу, Қазақстанда шетелдік компаниялардың мүддесін қорғауға бағытталады.

Банк өкілдерінің атап көрсетуінше, қазір елімізде жаңа корпоративтік даму мүмкіндіктеріне тиімді жол ашатын қаржылық сараптама тапшы. Сонымен ғана шектелмей, еліміздің инвестициялық тартымдылығы арта бастаған қазіргі тұста шетелдік компаниялардың Қазақстандағы корпоративтік рынокқа деген қызығушылығы жергілікті қаржылық сарапшылардың бұл процесске белсенді араласуын талап етеді,- дейді Казкоммерцбанк өкілдері.
Осыған байланысты Казкоммерцбанктен отау ретінде бөлініп шыққан Kazkommerts Invest пен Kazkommerts Securities салалық компанияларының бірлескен іс-қызметі осынау тың мүмкіндіктерді жүзеге асыруға, соның нәтижесінде банктің клиенттер санын арттыра түсуге бағытталады.