К.Байсейітованың өмірі туралы фильм «ТЭФИ-Достастық» Халықаралық байқауының жеңімпаздары қатарына енді

Фестивальдің салтанатты жабылу рәсіміне ҚР Мәдениет және ақпарат министрі Дархан Мыңбай қатысты.

Фестиваль-байқауға 10 елдің 16 телекомпаниясынан 20 жұмыс ұсынылды. Картиналар тақырыптары бойынша гуманитарлық, тарихи, мәдени және ғылыми байланыстарға бағытталды, сондай-ақ қазіргі қоғамның өзекті проблемаларын қозғады.

Ұсынылған 20 қатысушы-бағдарламаның 10-ы арнайы сыйлықтармен марапатталды. Олардың арасында қазақстандық «Мәдениет» телеарнасының қазақ қызы Күләш Байсейітованың өмірі мен шығармашылығы туралы түсірген «Операның аңыздары мен мифтері. Күләш Байсейітова» атты деректі фильмі бар.

«ТЭФИ-Достастық» ІІ Халықаралық телевизиялық фестивалі Астанада 14-16 қыркүйек күндері «Адамдар, жылдар, өмір» ортақ тақырыбы бойынша өтті. Фестиваль «Астана - ТМД-ның мәдени астанасы» бағдарламасына енгізілді және РФ Баспа және бұқаралық коммуникация федералдық агенттігі мен ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің қолдауымен өтті.