Дәл осындай таныстыру рәсімдері енді еліміздің барлық өңірлерінде өтеді. Мұндай жиындардың саны 400-ден аспақ. Жұртқа «Халықтың ІРО» жайлы толық ақпарат беруді көзделіп отыр. Себебі отандастарымыздың басым бөлігі бұл бағдарламадан бейхабар. Америка мен Жапонияда ұлттық компаниялардың акциясын сатып алып, қалай табыс табуға болатынын баяғыда түсінсе, елімізде барлығын басынан бастау қажет болып тұр.
Елена Бахмутова, «Самұрық-Қазына» АҚ басқарма төрағасының орынбасары:
-«KEGOС» - «Самұрық-Қазына» әл-ауқат қорының еншілес компаниясы. Осы күнге дейін оның 100 пайыз акциясы мемлекетке тиесілі болды. Енді біз өз үлесімізді азайтып, нарыққа 10 пайыз минус бір акцияны шығарып отырмыз.
ІРО-ға алғашқы болып «Қазтрансойл» компаниясы қатысып, акция иелеріне қомақты үлесақы әкелген. Бастапқыда 725 теңгеден сатылған әр акцияның құны бүгінге дейін 1299 теңгеге көтерілді. Қазақстандағы электр жүйелерін басқаратын ең ірі желілік оператор «KEGOС» компаниясы да осындай сұранысқа ие болсақ деп отыр.
Бақытжан Қажиев, «KEGOС» АҚ басқарма төрағасы:
-Тұрғындар үшін біріншіден Ұлттық компаниялардың басқару жұмысына қатыса алады. Екіншіден Қазақстанның қор нарығының дамуына септігін тигізе алады. Үшіншіден келешекте өз ақшаларын пайдаланып, акциялар алып, сол арқылы дивидент алуына мүмкіндік бар.Біз дивиденттік саясатты қабылдадық. Қазір акционерлерге біздің таза пайдадан 40 пайыздан төмен емес соманы төлеп тұрамыз.
Бір акцияның құны 505 теңге, ал сатып алу жайлы өтініштер 3-ші желтоқсанға дейін қабылданады. Одан соң бағалы қағаздар KASE жүйесіндегі еркін айналымға шықпақ. «Халықтық ІРО» бұнымен тоқтамай, келесі компаниялар тізімі де белгілі болды. 2016 жылы «Самұрық-Энерго» мен «Қазақстан Темір Жолы» және «ҚазАтомӨнеркәсіп» ұлттық компаниялары халықпен үлескер болуды көздеп отыр.