Кейбір бұрынғы Кеңестік республикаларда нәрестелер өлімінің деңгейі ресми статистикалық деректерден едәуір жоғары - ЮНИСЕФ баяндамасы

ЮНИСЕФ-тің "Әлеуметтік мониторинг-2003" деп аталатын жыл сайынғы аймақтық баяндамасында Орталық және шығыс Еуропадағы балалар ахуалының деңгейіне баға беріледі. Онда кең көлемді критерийлер негізінде 1989-2002 жылдар аралығындағы статистикалық мәліметтер мен аймақтағы әрбір елге қатысты статистикалық қосымшалар келтірілген.

Мәселен, Чехия републикасы тәрізді аймақтағы кейбір 27 мемлекетте нәрестелер өліміне қауіп-қатердің төмендігіне қарамастан ресми мәліметтерге жүгінсек, 2001-жылы бір жасқа жетпеген 60 мың шарана көз жұмыпты.
Сондай-ақ, баяндамада атап көрсетілгеніндей, кейбір елдердегі нәрестелер шығыны ресми статистикалық мәліметтерден едәуір жоғары.
"Біздің зерттеулерге қарағанда Шығыс Еуропаның көптеген елдерінде нәрестелер өлімі ресми статистикадан біршама жоғары",- дейді ЮНИСЕФ-тің атқарушы директоры Кэрол Беллами. Оның айтуынша, ұйым сарапшылары ресми статистикаға ғана жүгінбей, мәселеге тереңірек үңіліп, тіпті әрбір үйге кіріп аналармен пікірлескен. Аналардың әңгімесі нағыз дағдарыс белгісін айғақтап берді,- дейді К.Беллами.
Баяндамада Кавказ және Орталық Азияның 8 елі мен Румыния және Украинадағы нәрестелер өлімі көрсеткіштерінің өзгеру ағымына мән берілген. Онда осы елдердегі нәрестелер өліміне қатысты ресми статистикалық мәліметтер мен әйелдер аузынан жиналған деректер өзара салыстырылған. Аталған 8 ел мен Румынияда нәрестелер өліміне қатысты нақты ахуал ресми мәліметтерден асып түскен. Мәселен, Әзербайжанда жинақталған мәліметтерге қарағанда нәрестелер өліміне қатысты нақты ахуал ресми мәліметтен 4 есе артық болып шыққан : ресми статистикалық мәлімет бойынша әрбір тірі туылған 1000 нәрестенің 17-сі көз жұмады деп көрсетілсе, шын мәнінде бұл көрсеткіш әрбір 1000 нәрестеге шаққанда 74 өлім оқиғасын құрайтын болып шықты.
"Қазір біздің алдымызда айқын екі тауқымет тұр : біріншісі - мыңдаған нәрестелер шығыны болса, екіншісі, шығын көлемін жүйелі түрде дұрыс есептемеу болып табылады. Ахуал шынайы көрсетілмесе, мәселені шешудің тиімді шарасын қолдану мүмкін емес",- дейді К.Беллами.
Баяндамада атап көрсетілгеніндей, нәрестелер өлімінің молаюына кедейлік тауқыметіне байланысты аналар денсаулығының осалдануы мен ашқұрсақтық проблемасының ушығуы әсер етіп отыр. Сондай-ақ, жұқпалы аурулар мен медициналық көмек деңгейінің төмендігі де өзіндік нұқсан келтіруде.