Кейбір үміткерлер мен партиялар үгіт-насихат жұмыстары барысында тыйым салынған технологияларды пайдалануда

Баяндамада атап көрсетілгеніндей, "сайлау алдындағы үгіт-насихат жұмыстары басталар алында партиялар мен блоктар сайлау алдындағы күрестің рұқсат етілмеген әдіс-тәсілдерінен бас тарту туралы мәлімдеме жасаған". "Алайда, үміткерлер мен партиялар өзара әділ күрес жүргізу туралы өз еріктерімен жүктеп алған міндеттемелерін мүлдем орындамай, немесе, шалағай орындап отыр". Бақылаушылардың айтуынша, "сайлаушылардың назарын қандайбір үміткерден жасанды жолмен тартып әкетуге бағытталған тыйым салынған технологиялар пайдаланылуда".

Мәселен, "аты-жөні мен тегі халық арасында беделді үміткердің аты-жөніне ұқсас адамдарды кандидат ретінде ұсынуды" осы орайда атауға болады. "Мәселен, "Ақ жол" партиясынан үміткер ретінде ұсынылған Жаннат Ертілесованың материалдарының үстінен өз бетімен ат ұсынушы - дербес кандидат Жанат Ерлепесованың материалдары асқан әдісқойлықпен жапсырылып отырған".
Тағы бір осындай жағдай кезінде сайлаушылар өздерінің пошта жәшіктерінен "Сізді жадымызда сақтаймыз" деген жазуы мен "Отан" партиясынан үміткер ретінде тіркелген Сергей Дьяченконың суреті бар қаралы үнпарақтар тауып алған. Үнпарақты басуға арналған қаржы үміткердің өз сайлау қорынан бөлінді деп көрсетілген.
Қостанай облысында "Еңбекшілердің аграрлық-индустриялық одағы" деп аталатын қоғамдық бірлестік "сайлаушылар арасында осы аттас блокты елестететін белсенді насихат жұмыстарын жүргізуде".
"Үгіт материалдарын арнаулы орындарда жапсырмау немесе оларды құрылыс-ғимарат қожайындарының рұқсатынсыз жапсыру көріністері белең алды",- дейді бақылаушылар. "Мәселен, Оралда "Отан" партиясы үгіт-насихаттық мәлімдемелерін жапсыратын жер таппағандай, Мәншүк Мәметованың ескерткішін алабажақтап тастаған". "Республиканың қадағалаушы органдары, оның ішінде прокуратура мұндай тәртіп бұзушылыққа жол бермеуді талай қадап айтқан. Соған қарамастан, ахуал өзгеретін сыңай байқалмайды",- дейді сарапшылар.
Сонымен қатар олардың айтуынша, "үгіт-насихат жұмыстары барысында халыққа тегін қызмет көрсету арқылы бүркеме жолмен сайлаушыларды сатып алу көріністері де қылаң беруде". "Заң бұзудың осындай түрін "Отан" партиясының өкілдері көрсетіп отыр. Олардың "мерейтойлық", деп аталған, ал шын мәнісінде үгіт поезы тұрғындарға тегін дәрігерлік және заңгерлік ақыл-кеңестер беруде".
Сондай-ақ, заңнамаға сәйкес, "үгіт-насихат жұмыстары барысында үміткерлердің кез-келген қайырымдылық шарасы заңсыз болып табылады". Соған қарамастан, қауымдастық өкілдерінің айтуынша, АИСТ блогынан үміткер ретінде ұсынылған Аграрлық партияның жетекшісі Ромин Мадинов "перзентхана есепшотына 400 мың теңге аударатынын ашықтан-ашық жариялап, соңынан бұл ниетін жүзеге асырған".
Қазақстан парламентінің төменгі палатасының сайлауы 19-қыркүйекте өткізіледі. Үгіт-насихат науқаны дауыс беруге бір тәулік қалғанда, немесе, 18-қыркүйекте түн ортасында аяқталады.