Қостанай облысының әкімі Архимед Мұхамбетов Амангелді ауданы мен Арқалық қаласына барды, деп хабарлайды baq.kz Қостанай облысы әкімдігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Жұмыс сапарының аясында өңір басшысы Амангелді ауданының Тасты ауылы маңында орналасқан Кейкі батыр (Нұрмағамбет Көкембайұлы) кесенесіне барып шықты.
Естеріңізге сала кетейік, ҚР Үкіметінің тапсырмасымен батырдың дене сүйектерін салтанатты жерлеу бойынша іс-шаралар жоспарланған. Қазіргі уақытта бас сүйектің генетикалық сараптамасы және аңызға айналған қазақ мергенінің бейнесін қалпына келтіру бойынша жұмыстар жүргізілуде. Келесі жылы көктемде Мәдениет және спорт министрлігі Кейкі батырдың денесін іздестіру жөнінде экспедиция ұйымдастыруға бастамашылдық жасайтын болады. Бізге белгілісі, оның дене сүйектерін жерлеудің болжамды орны да Амангелді ауданының Жалаулы жерінде.
Мұнымен қоса, Қостанай облысының әкімдігі Кейкі батырдың дене сүйектерін жерлеуге дайындық жөнінен ұйымдастырушылық жұмысын жүргізіп жатыр. Архимед Мұхамбетовтің атап өткеніндей, қазіргі уақытта еліміздің танымал сәулетшілері мемориалдық кешен нобайын әзірлеуде. Нобайдың таңдаулы нұсқасы айқындалғаннан кейін облыс жобалау-сметалық құжаттамасын әзірлеуге кіріседі, ал алдағы жылдың мамырында оның құрылысын бастау жоспарланып отыр. Мемориал батырдың ұрпақтары салдырған қазіргі шағын кесенеден қашық емес жерде орналастырылатын болып шешілді.
«Жаңа мемориалдык кешеннің құрылысы бойынша барлық жұмыстар алдағы жылғы тамызда аяқталатын болуға тиіс. Қыркүйекке, Үкіметпен келісім бойынша, салтанатты іс-шараны және даңқы жайылған батырдың сүйектерін жерлеуді жоспарлайтын боламыз», - деп атап өтті Архимед Мұхамбетов.
Арқалықта облыс әкімі әлеуметтік объектілеріне барып шықты, қаланы абаттандыру барысымен танысты.
«Алдағы жылы қаланың әкімдігі Кейкі батырдың сүйегін жерлеу аясындағы іс-шараларға дайындық жөнінен үлкен жұмыс тындыруға тиіс. Бұл қаланың инфрақұрылымын жақсартуға, бірқатар әлеуметтік объектілерін тәртіпке келтіруге мүмкіндік береді. Осы мақсатпен барлық іс-шараларды тап осы Арқалықта өткізуге шешім қабылданған болатын», - деп атап өтті облыс әкімі облыстың және қаланың басшылығы қатысқан жұмыс кеңесінде.