Трамп Қытай тауарларына тарифті 10 пайызға, Канада мен Мексика тауарларына 25 пайызға өсіретінін жариялады, деп хабарлайды Сaravan.kz медиа порталы.
Олар да жауап қайырады. Осылайша, сауда соғысының 2-раунды 2025 жылы қаңтарда басталғалы жатыр. Трамп ішкі нарықты қорғаймын деп алдымен қытай тауарларына шүйлігетіні анық. Қазір Қытай көлік, ұялы телефон, тұрмыс техникасы, басқа да салаларда тауар өндіру көлемі жағынан әлемде көшбасшы.
"Меніңше, негізгі күрес чип өндірісі, соның ішінде ЖИ-ке қажет чиптер үшін болғалы тұр. Себебі чипсіз ешбір техника істемейді. АҚШ, Тайвань әлі де тізгінді бермей тұр. Бірақ Қытай осы салаға ақша бөлуден алда келеді. Huawei жаңа технологияны меңгерді", - деп пікір білдірді Нұрмұхамед Байғараев.
Қысқасы, бұл сауда соғысының зардабы басқаларға да тиеді. Тариф атысы болатын шығар. 2016 жылғы сценарий қайталануы бек мүмкін. Қытай қарап қалмай, БРИКС бойынша байланысты нығайтады. Әрине, мұның барлығы тауардың, доллардың қымбаттауына әкелуі мүмкін.
Біздің нарықта шетелдік тауар саны тым көп екенін және оны долларда сатып алатынын ескерсек, онда сауда соғысының салқыны бізге де тиеді. Яғни, тауарлардың бағасы қымбаттайды.
"Елімізде биыл көп адамның табысы артпаса да, тауар мен қызмет бағалары әжептеуір өсті. Жоғарыдағы жағдайды ескерсек, онда келесі жылы қатар істейтін 2-ші жұмысты не жеке кәсіпті қарастыра бергеніңіз артық етпейді", - деп қосты журналист.