Бұл туралы Білім және ғылым министрі Аслан Сәренжіпов хабарлады.
«Өткен жылы еліміздегі мектепке дейінгі мекемелер саны 1990-шы жылдардағы рекордтық көрсеткіштен асты. Ол кезде, тәуелсіздік қарсаңында бізде 8800 мекеме болатын. Биыл біз сол межеден астық. Бүгінгі таңда олардың саны 9 мың 148-ге жетті. Мектепке дейінгі тәрбие мекемелерінде 700 мыңнан астам бала білім алып жатыр», - деді ол жұма күні Астанада өтіп жатқан тамыз кеңесінде.
Министрдің айтуынша, өткен жылы мектепке дейінгі ұйымдар желісі 384-ке артқан. Қазір балалардың 73 пайызы мектепке дейінгі біліммен қамтылған.
«Бұл жаман көрсеткіш емес. Қазір Қазақстан балаларды мектепке дейінгі біліммен қамту көрсеткіші жағынан Австралия, Канада, Финляндия, Польша, Түркия тағы басқа мемлекеттермен теңесті», - деп қорытты А.Сәренжіпов.
Сонымен қатар, мектепке дейінгі білім беретін жеке меншік мекемелер саны 5 есеге артқан.
«Қазір балаларды ерте жастан дамытуға деген сұраныс жоғары. Елімізде ондай балалар саны 600 мыңнан асады. Статистика мамандарының болжамынша, олардың саны алдағы бес жылда арта түспек», - деді ведомство басшысы.
Мемлекет қолға алып жатқан шаралардың арқасында «елімізде 3 пен 6 жас аралығындағы 1 миллионнан астам бала мектепке дейінгі біліммен қамтылуы тиіс» деді ол.