"Келесі ойынды Қазақстанда өткізейік": Тоқаев Ресейдегі «Болашақтың ойындары» халықаралық турнирінің ашылу рәсіміне қатысты

Президент ресми мінберден «Болашақтың ойындары» турнирінің салтанатты ашылу рәсімін тамашалады. Ресейдің мемлекеттік әнұраны орындалғаннан кейін Владимир Путин жарысты ашық деп жариялады, деп хабарлайды Caravan.kz медиа порталы Ақордаға сілтеме жасап.  

Қазақстан Президенті турнир қатысушыларына сәттілік тіледі.

"Құрметті Владимир Владимирович, ең алдымен, Сізге зор ризашылық білдіргім келеді. Бұл – бірегей ойын. Дүниежүзінде мұндай ойынның баламасы жоқ. Баршаңызға сәттілік тілеймін. Келесі ойынды Қазақстанда өткізейік", – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Сонымен қатар Беларусь, Қырғызстан, Тәжікстан және Өзбекстан президенттері киберспортшыларға ізгі тілектерін жолдады. Содан соң жарысқа қатысушы мемлекеттер туларының шеруі өтті.

«Фиджитал-концепцияға» негізделген турнирдің форматы физикалық белсенділікті, заманауи технология мен цифрлық ортаны ұштастырады.

Шоу барысында спорт, стратегия, тактика, технология, жылдамдық секілді 5 топқа біріктірілген сайыс түрлері таныстырылды. Ойындардың бағдарламасына классикалық спорт түрлері мен олардың 21 цифрлық баламалары бойынша гибридті спорттық жарыстар енгізілген. Ұйымдастырушылардың мәліметі бойынша турнирге 100-ден астам елден 2 мыңға жуық киберспортшы келген. Қазақстанның ойыншылары мен командалары спорттың 13 түрі бойынша сайысқа түседі. Жалпы бұл турнирге еліміздің 48 өкілі қатысады.

Салтанатты ашылу рәсімінен кейін Татарстан астанасына келген Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев пен басқа елдердің президенттері «Болашақтың ойындары» халықаралық мультиспорт турнирінің негізгі шаралары өтетін «Қазан Экспо» кешенін аралап көрді.

Экскурсия барысында қонақтарға Dota 2 конгресс-залы, арт-нысандар, «фиджитал-зертхана» көрсетілді, сондай-ақ дене шынықтыру мен киберспортты (physical+digital) біріктіретін инновациялық «фиджитал-қозғалыстың» ерекшеліктері таныстырылды.

Алаңдардың бірінде Қазақстан Президенті «Футбол достыққа жол ашады» бағдарламасына қатысатын жас спортшылармен әңгімелесті. Халықаралық команданың құрамында «Астана» футбол клубында жаттығатын 10 жастағы Жан Әли Ермағамбетов те бар.

Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстанда балалар спортына мемлекет тарапынан тұрақты қолдау көрсетілетінін атап өтті.